Ұрпақ тәрбиесі – ұлт сапасы

Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Барлық бағыттардың дамуы, ел тағдыры үшін маңызды екені анық.

Мемлекет басшысы ұрпақ тəрбиесінің ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тəрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мəселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тəрбиешілердің əлеуметтік мəртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады» деп тұжырымдады.

Бұл – өте уақытылы шешім. Себебі, əр үйдің еркелеріне барынша мейірімділікпен қарайтын балабақша тəрбиешісінің еңбегі жеңілге жатпайды. Баланың тілін табу үшін де терең білім, сабырлылық, шыдамдылық керек-ақ.

Үлкен еңбектен кейін ағаш жеміс берген секілді, баланың жан-жақты болып жетілуі тəрбиешінің атқарған жұмысының нəтижесінен кейін көрініс табады. «Адамға ең бірінші білім емес, тəрбие берілуі керек, тəрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, тəрбиесіз берілген білім адамзатқа апат əкеледі» деген ғұлама Əбу Насыр Əл-Фарабидің сөздері еріксіз еске түседі.

Зейпін ҚАЗАНБАЕВА,

 Ұлытау аудандық мəслихатының депутаты.