«…Кенжекең де өмірден өтті дей ме?!»
Көз алдымнан көлбеңдеп өтті бейне,
«Алуға ажал келгенде епті» дей ме?
Кеше ғана көсемсөз айтып жүрген,
Кенжекең де өмірден өтті дей ме?!
Ерін әркез жүреді қолдап елім,
Бөтенім емес еді ол да менің.
Ұлт ұясы – Ұлытауда бірер жылдай,
Қасында қызметтес болған едім.
Тұлға еді тұратын ойымда әман,
Боямалы өмірге бой ұрмаған.
Азаматтың алысқа шабатынын,
90-шы жылдары мойындағам.
Бағасын мен бергенмін күнілгері,
Жүрген жерде «ділім мен тілім» деді.
Мінез керек жерінде – мінезді еді,
Білім керек жерінде – білімді еді.
Ұмытпау жақсыларды, бұл – заңдылық,
Оған жат ед бейпіл сөз, ыржаң қылық.
«Мұқаш-ай» деп бастайтын әңгімесі
Құлағымда қазір де тұр жаңғырып.
…Сол Кенжекең өмірден өтті дей ме,
Келместің кемесі алып кетті дей ме?!
Парасатты, пайымды, ұлтым деген,
Көз алдымнан көлбеңдеп өтті бейне…
Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.