ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАҒАТЫН ҰҒЫНҒАН

тарлан тұлға туралы тиянақты тұжырым

Ұлт ұясында дүниеге келіп, қандай да бір қасиетімен жалпы қауымның қадірлісіне айналған адамдар хақында зор сүйіспеншілікпен айтылатын «Ұлытауына ұқсап туған» деген тамаша бір теңеу бар. Əрине, тағылымы терең осынау тіркес ғұмыры ғибратты, өнегесі өрнекті жандар жөнінде əңгіме қозғалғанда тіл ұшына оралары бесенеден белгілі жайт. Өз басым сол теңеу сөзді туғанына ғасыр толып отырған біртуар азамат, марқұм Байғара ТҰРСЫНБАЕВҚА қатысты еш қымсынбастан қолдануға пейілдімін. Өзімнің дербес бағамдауымда ол бұған мейлінше лайықты тұлға!

Бітімі бөлек, болмысы байсалды Байғара ағаны (əке десем де, жарасымды болары күмəнсіз) алғаш рет мектептің ортаңғы сыныптарының бірінде оқып жүрген шағымда көрдім. Ол кезде көкем Нұриден Сұлтанұлы – Шеңбер совхозы кəсіподақ комитетінің төрағасы, ал Байекең Ұлытау аудандық кəсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Бұл – Кеңес Одағының дəурені үстемдік құрған заман. Бейнелеп айтқанда, коммунистік партияның «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған кезең.

Облыстық, аудандық деңгейдегі əр саланың басшылары совхоздарға қызмет бабымен іссапарға жиі шығады. Сондай сапармен атының басын ауылға бұрғанда Байекең міндетті түрде біздің үйге тоқтайтын. Мұндай сəттерде қазақы дəстүрге сай от үстіндегі қарақазан бұрқылдай қайнап, жез самаурын «екі иығынан дем алып» сақырлап тұрары хақ. Сол шақтарда сан мəрте қолына су құйып, батасын алғаным есімде…

Пейілі аппақ, ниеті түзу ағамыз араға жылдар салып барып, Шеңбер совхозы комсомол ұйымының хатшысы лауазымынан Қазақстан ЛКЖО Ұлытау аудандық комитеті комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысу жолымен тағайындалғанымда, одан кейін бірінші хатшысы болып сайланғанымда ақжарма көңілін айғақтап, қуана құттықтаған, сəттілік тілеп, батасын берген аға буын өкілдерінің алдыңғы легінде бой көрсеткенін айта кеткен жөн. Заманында өзі де аудан жастары жетекшілерінің бірі ретінде нəтижелі қызмет атқарған тұлғаның əр тілдескен сайын жанашырлықпен айтар ақыл-кеңесі де аз болмайтын.

Байекең сөздің тура мағынасында адалдығы мен тазалығын былай қойғанда, аса мемлекетшіл, өзінің сеніміне селкеу түсірмейтін, ұстанымына мейлінше берік жандардың қатарынан еді. Елдің ертеңіне қатты алаңдайтынының айғағы сол – жастар тəрбиесіне жете мəн беріп, соған қатысты мəселелерге кірпияз көңілмен қарайтын.

Осы орайда, сөзімнің дəлелі ретінде мына бір оқиғаны ортаға сала кеткен жөн секілді. Бұл əлемдегі ең алып держава саналған Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, керегесі күйреп, шаңырағы шайқала бастаған кез еді. Алматыда республика комсомол ұйымының соңғы съезі өтіп, Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағын тарату, тиісінше, соның негізінде Қазақстан Жастар Одағын құру жөнінде қаулы қабылданған болатын. Елге оралған бетте аталған қаулы талабына сəйкес, аудандық комсомол комитеті бюросының шешімімен шұғыл түрде кезектен тыс конференция шақырдық. 70 жыл қапысыз қызмет атқарған іргелі əрі аса ықпалды ұйымның аудандық деңгейдегі соңғы мəжілісі болғандықтан, аппараттағы қыз-жігіттерге алқалы жиынға комсомол ардагерлерін арнайы шақыру жөнінде пəрмен берген едім. Олар толық құрамда жиналды. Президиумда – үш адамбыз, мен – төраға құзырымен ортадамын, қос қапталымда – ауданның бірінші басшысы Серік Тілеубаев пен Жезқазған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Меңжамал Əлсейітова.

Конференцияны ашып, делегаттар мен шақырылғандарды съезд қаулысымен таныстырып, күн тəртібін бекітіп бола бергенім сол еді, залдан «Əй, Ахат, қарағым, маған сөз берші» деген дауыс саңқ ете қалды. Дауыс иесі Байекең оң қолын жоғары көтерген қалпы орнынан тұрып келеді екен.

– Мен сені сөзі мен ісі бірінен-бірі алшақ түспейтін азамат ретінде күні бүгінге дейін кəдімгідей жақсы көруші едім, – деді, Байағам маған тесіле қараған қалпында. – Бірақ, дəл қазіргі ұстанымың мен жаңағы сөзің мүлдем ұнамай тұр, комсомолды таратып, қай ұшпаққа шықпақсыңдар, қарағым-ау?!

– Байеке, бұл жерде Ахаттың еш жазығы жоқ, ол съезде қабылданған қаулыны орындауға міндетті. Мұндай конференциялар республика көлеміндегі барлық аудандар мен қалаларда өтіп жатыр, бұдан кейін облыстарда өткізілуі тиіс, – деп, қолма-қол жауап берді сəл күлімсірей сөйлеген Серік Тілеубайұлы. Ол сол арқылы сəл де болса абдыраңқырап қалған мені тығырықтан алып шыққандай болды.

Көргені көп, түйгені мол қарияның сондағы күйзеле тұрып айтқан сөзінің жалпы нобайы есімде қалыпты. «Барды жоқ қылып, жоқтан бар жасаймыз деп талпыну жөн емес. Қалыптасқан жүйені бұзу жақсылыққа жеткізбейді. Бұл шешімдеріңмен түптің түбінде жастар тəрбиесін жүйесіздікке ұрындырасыңдар ғой…» – деген еді жарықтық.

Байекеңнің осынау кесімді пікірінің уақыт өте келе ақиқатқа айнала бастағаны баршаға белгілі. Шынымен де, жастар саясаты мəселесінде жиі кездесетін жадағайлықтарды аңғарған сайын оның осынау «əулиелігі» жадымда жаңғырады да тұрады.

Байғара Əбілдаұлының саналы ұрпақтары 1994 жылы əкелерінің 70 жас мерейтойын өзгеше реңде ұйымдастырды. Ұлытауға алыс-жақыннан есімдері елге етене таныс тұлғалы азаматтар жиналған мағынасы терең, мəні зор басқосу өтті. Сол жолы өз ұйғарымы мен тілегіне орай, ресми жиынды одан кейін той дастарханын жүргізу тізгінін ұстағаным, іс-шаралар түйінінде қадірменді қарияның ақжарма көңілмен айтқан алғысына кенеліп, ақ батасын алғаным тірліктің сəулелі сəттерінің бірі екенін енді ғана жан-дүниеммен түйсінген сыңайдамын.

Жоғарыдағы «…саналы ұрпақтары» деген сөз тіркесі тіл ұшына бекерден бекер оралмағаны анық. Байыптап отырсам, тектіліктің ұшқыны Байекеңнің балаларының бойында да бар екен. Бұл, əрине, «Тегін жерге терек өспейді» деген тəмсілдің айшықты айғағы.

Жуырда қолыма келісті кейіпкерімнің төл перзенті, білікті заңгер Бейсенбек Əбілдиннің «Байғараның баласы…» тақырыбы телінген жүрекжарды жыры түсті. Əке рухына алғаусыз құрмет сезімі жетегінде қағаз бетіне түскен сол өлеңнің бір шумағы «Байғараның баласы» – деген сөздің, жарты бақыт екенін кейін білдім» деп аяқталса, екінші бір шумағының түйіні «Байғараның баласы» – десе, болды, мəртебе жоқ мен үшін бұдан асқан» деген жолдармен түйінделіпті. Еріксіз тəнті болдым. Тəнті болғаным соншалықты, Байекеңе арналған естелік жазбаны осынау жыр үзінділерімен тиянақтауды жөн санадым…

P.S. Асыл текті ағаның алдын көрген, тəлімін ілген, ақыл-кеңесіне құлақ түріп, батасын алған біз де оның баласы іспеттіміз ғой…

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

Ұлытау аудандық мəслихатының төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

 ҚР Ақпарат саласының үздігі.