Жүректерге жылу ұялатқан жүздесу

Ақын – ақиқаттың жаршысы. Ал шынайы шығармашылық иесімен пікірлесу, түрлі тақырыптарға қатысты көзқарасын білу – кім-кімге де қызықты. Жуырда Қаракеңгір ауылындағы орта мектептің оқушылары мен ұстаздары осындай мүмкіндікке ие болды. Нақтылай түссек, «Өнегелі өмір жолы» жобасы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, күні кеше ғана ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты мандатын иеленген есімі елге танымал тұлға Аманжол ӘЛТАЙМЕН ZOOM-платформасында онлайн кездесу өтті.

Кездесу мектеп директоры Манарбек Бейсеновтың қысқаша кіріспе сөзімен ашылды. Ол мәртебелі мейманды мерейлі 50 жасқа толуымен құттықтап, ойы жүйрік, танымы жоғары, мінезі көркем өнер иесі екенін атап өтті. Шақыруды қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді.

Мазмұны мағыналы жиында мектеп мұғалімдері мен оқушылар «қара сөзден қамшы өрген» ақынға ерекше ықылас танытты.

Өз кезегінде Аманжол Дүйсенбайұлы азамат ретінде, ақын ретінде қалыптасуы жайында тартымды әңгіме өрбітті. Оқушылар тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап берді. Сырлы сұхбат барысында оған қатысушылар Алаш жұрты ардақ тұтқан тұлғаның өмір жолы, шығармашылығы, адами болмысы және рухани әлемінің қырларымен жете танысты. «Ақын көңіл теңізіне батады, інжу, гауhар, жақұт нұрын шашады» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, көрерменнің Аманжол ағаның тұщымды әңгімесінен алған әсері айрықша болды.

Онлайн жиын түйінінде Аманжол Дүйсенбайұлы мектеп ұстаздары мен оқушыларына өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, өмір көшінде тек сәттілік тіледі.

Сөз орайы келгенде әріптестері мен оқушылар қауымы рухани кешті ұйымдастыруға мұрындық болған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақтоты Ерболқызының ұтымды әрекетіне тәнті болғанын айта кету артық емес секілді.

Шырайлым МОЛДАБЕКОВА,

№4 Қаракеңгір орта мектебінің

8-сынып оқушысы.