5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай Ұлытау облысында еріктілер марапатталды
5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай «Есірткісіз болашақ» облыстық еріктілер ұйымының белсенді мүшелері Ұлытау облысы Полиция департаменті бастығының атынан алғыс хаттармен марапатталды. Марапаттарды Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Оспанов табыстап, еріктілердің есірткіге қарсы күрестегі үлесін ерекше атап өтті.

«2025 – Профилактика жылы» аясында Ұлытау облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жастарды есірткіден алыстату, тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын кеңейту басты назарда.
Жыл басынан бері облыс аумағында 938 антинаркотикалық іс-шара өткізілді, оған 36 мыңнан астам адам қатысты. Волонтерлермен бірлесіп 17 рейдтік акция ұйымдастырылып, тыйым салынған мазмұндағы шамамен 235 граффити-жазба жойылды. Жалпы 500-ге жуық жас ерікті профилактикалық бастамаларға тартылған.
«Есірткісіз болашақ» еріктілер ұйымының жетекшісі Дарын Төлеубай мұндай бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті:
«Біздің мақсат – жастарды есірткіден алшақ, саналы таңдау жасауға ынталандыру. Полиция департаментімен бірлесе атқарылып жатқан жұмыс – ортақ мүдде жолындағы нәтижелі қадам. Әрбір рейд, әр жойылған жазба – болашаққа жасалған үлес. Біз салауатты ұрпақ қалыптастыру үшін аянбай еңбек етеміз», – деді ол.
