Медиация – дауларды шешудің заманауи жолы

Қазіргі қоғамда адамдар мен ұйымдар арасында әртүрлі келіспеушіліктер мен даулар жиі туындайды. Мұндай мәселелерді тек сот арқылы шешу көп уақытты, қаражатты және эмоциялық күшті талап етеді.

Сондықтан, соңғы жылдары дауларды шешудің баламалы тәсілі – медиация кеңінен қолданыла бастады. Ал, медиация дегеніміз не? Осыны түсіндіре кетсек, медиация – екі немесе одан да көп тараптардың арасындағы дауды бейтарап үшінші тұлға – медиатордың көмегімен өзара келісімге келу арқылы шешу процесі. Мұнда медиатор шешім қабылдамайды, ол тек тараптарға ортақ мәмілеге келуге жәрдемдеседі. Негізінде, медиация принциптері мынадай, еріктілік – тараптар медиацияға өз еркімен қатыса алады. Онда құпиялық – процесс барысында айтылған ақпарат жария етілмейді. Тең құқықтылық – тараптардың құқықтары бірдей болады.
Бейтараптық – медиатор екі тарапқа да бірдей қарауға міндетті. Ол жерде өзара сыйластық – конструктивті диалогқа жағдай жасалады. Ал, медиацияның артықшылықтары сот процесімен салыстырғанда бірқатар тиімді жақтарға ие болады.
Айта кетерлігі, шешімді тараптар өздері қабылдайды. Медиация мына салаларда қолданылады. Отбасылық дауларда, еңбек қатынастарында, бизнес және кәсіпкерлік, білім беру салаларында сонымен қатар, көршілер арасындағы дау-жанжалдар мен мұрагерлік мәселелер туралы істі бітімгершілік жолмен шешуге араласады.
Қазақстан Республикасында медиация 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» Заңымен реттеледі. Бұл заң азаматтар мен ұйымдарға өз дауларын сотқа жеткізбей-ақ, шешуге мүмкіндік береді.
Медиация – дауларды өршітпей, тараптардың мүддесін сақтай отырып, өзара тиімді келісімге келудің өркениетті тәсілі. Ол адамдар арасындағы сенімді нығайтып, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосады. Сондықтан, медиацияны дамыту – құқықтық мәдениеті жоғары мемлекет құрудың маңызды қадамы болып табылады.

Ақмаржан КАЛЕКЕНОВА,
Ұлытау аудандық сотының бас маманы.