Мерекелік медальдар табысталды
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, Ұлытау ауданында тыл ардагерлеріне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалі салтанатты түрде табысталды.
Марапаттар 2025 жылғы 5 мамыр күні аудан әкімі мен оның орынбасарларының арнайы қатысуымен ардагерлердің үйлеріне барып тапсырылды.
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков Шайжамал Досанова, Балымша Жарасбаева және Алтыншаш Мәкібаеваның шаңырағына арнайы барып, медаль табыстап, ерлік пен еңбектің символына айналған аналарға алғысын білдірді. «Сіздердің Отан алдындағы адал еңбектеріңіз, өмір жолдарыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі. Бүгінгі бейбіт күннің қадірін ұғындыруда Сіздердің ерліктеріңіз ерекше орын алады», – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов Ұлытау ауылдық округінде тұратын Күлмариям Рамазанова мен Күлайым Есмағамбетованы марапаттаса, Аян Әбжамалов Қарсақбай кентіндегі Совет Нұрмағанбетов, Күлдәриға Нұртазаева, Шәріпұлла Өкімбаев және Жезді кентіндегі Орынбасар Мырзабаеваға мерекелік медальды табыстады.
Алмаз Қайырбек Жезқазған және Сәтбаев қалаларында тұратын, бірақ Ұлытау ауданына тіркелген тыл ардагерлері – Орынша Омарова, Арияш Ташмағанбетова, Бибіғайша Орынбаева, Арал Нұрмағанбетов, Сапура Тоқсейітова, Теңізбай Бөлендин және Рахила Жүсіпованы арнайы барып құттықтады.
Сонымен қатар, Сарысу, Мибұлақ және Борсеңгір ауылдық округінің әкімдері өз аймақтарындағы тыл ардагерлеріне барып, құрмет көрсетті.
Марапаттау барысында ардагерлерге ерекше ықылас танытылып, олардың өмір жолдары, тылдағы ерен еңбегі еске алынды. Ардагерлер көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, ел бірлігі мен амандығы үшін ақ тілектерін жеткізді.
Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау ауданы бойынша аталған мерекелік медальмен барлығы 21 тыл ардагері марапатталды. Бұл — ел мен жер үшін аянбай еңбек еткен азаматтарға көрсетілген шынайы құрметтің белгісі.
Аманкелді АҚШАЛ.