Ел есінде қалған қаһарман
Жезді кентіне кіреберісте ерекше мазмұнымен жасалған елді мекен белгісі бар. Жезділіктер, әсіресе жастар осы белгінің жанында суретке түсуге құмар. Жайлауы төрт түлікке, қойнауы қазынаға толған ауданның ғарышқа ұмтылған арманын бейнелейтін белгі заманында айрықша монументальды туынды болғанға ұқсайды. Кейін білдік, осы белгіні орнатқан кезде суретші-безендіруші Ермұқаш Асылбаевқа көмекші ретінде дәнекерлеу жұмыстарын темір жонушы шебер Нығмет Маханов атқарыпты. Н.Махановты аудан, жезділіктер «Ұлы Отан соғысының соңғы ардагері» деп атайтын. Ерекше қарапайым, өнегелі өмір сүріп, 2017 жылы 93 жасында дүниеден өтті.
Нығмет Маханов 1924 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кентіне қарасты Бала Жезді баурайында шағын малшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Махан ерте жасынан мал баққан. Әкесінен ерте айырылған жасөспірім сол кезеңдегі қазақ отбастарына ортақ күрделі кезеңдерді бастан кешіреді. 1941 жылы Қарсақбай кентіндегі фабрика-завод мектебін токарь (темір жонушы) мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Бұл сол кезеңдегі аймақтағы жоғарғы политехникалық білім беру мәртебесіне тең бірден-бір оқу орны болатын.
1942 жылы алғашқы еріктілер қатарында майданға аттанып, кеңес армиясының алдыңғы шебіндегі құрамаларда пулеметші болған. 1943-44 жылдары 226-шы қарауылшылар полкінің 9 ротасында взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарады. Н.Маханов 1945 жылдың қазан айынан 1950 жылдың 29 наурыз айына дейін Қызыл Тулы Белград 91-ші атқыштар полкінің взвод командирінің көмекшісі қызметінде болды. Әскери дәрежесі – сержант. Соғыс аяқталғаннан кейін елде тәртіп орнатуда бандиттік құрамаларды жою жолында қызмет атқарды.
1947 жылы наурыздан 1948 жылдың маусым айына дейін 226-шы полкта аға лейтенант Волковтың қарамағында Украинаның Львов, Ивано-Франковск облыстарының Долкон, Выгодск, Болеховск, Дрогобычск аудандарындағы қарулы бандиттік топтармен күресіп, бандиттерді ұстап тұтқындады.
Құжаттарда көрсетілген ерліктеріне тоқталсақ:
Белград Қызыл Ту атқыштар полкінің 91-ші ротасының алфавиттік кітабында 1947 жылдың 29 сәуірінде №0227 бұйрығында 226-шы полктің командирі аға лейтенант Волковтың басқаруымен 2 бандиттің көзін жойған. 1946 жылдың маусым айымен 1947 жылдың ақпан айы аралығында 40 бандыны тұтқындаса, 1948 жылдың маусым айында Дрогобычск ауданында 25 бандыны тұтқындаған.
Ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Украина жерінде украин қызы, кіші лейтенант Нестеренко Мария Николаевнамен танысып, 1950 жылы елге оралады. Туған елге оралған соң Қарсақбай мемлекеттік мыс қорыту комбинатында темір жонушы, кейіннен партиялық қызметтерде болды.
Н.Маханов 1953 жылдан бастап Жезді кен басқармасында темір жонушы, орта мектепте алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі, №112 экспедицияда жүргізуші болып жемісті еңбек етті. 1984 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Н.Маханов Белоруссия Президентінің арнайы құттықтауы және бауырлас елдің арнайы жауынгерлік марапатымен марапатталған. Өмірінің соңына дейін жастар арасында отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беру ісіне белсене араласқан құрметті ардагер.
Зибагүл НҰРМАҒАНБЕТОВА,
М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қор бөлімі басшысы.
СУРЕТТЕРДЕ: 1. Сержант Н.Маханов майдандас достарымен. 1946 ж.
2. Ұлы Отан соғысы ардагері Н.Маханов Жезді музейінде өткен көрмеде. 2009 ж.
3. «Ардагерлер аллеясында» дәстүрлі ұрпақтар кездесуі. 2009 жыл.