ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛ МЕН ЖОЛ ЖАҒДАЙЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Өңір басшысы күн тәртібіндегі қос мәселеге көшпес бұрын «Ұлытау» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасын таныстырды.

Облыс әкімі қызметіне енді тағайындалған Нұрлан Садыбековке инвестиция тарту, әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижелі орындалуын бақылауда ұстау міндетін бірден қойды. Одан бөлек, бір аптаның ішінде басқа өңірлердің тәжірибесін зерттей отырып, меншік иелері кооперативінің (КСК) жұмысын жаңғырту, оларға жеңілдетілген несие беру жолдарын ұсынуды тапсырды. Өңір басшысының айтуынша, су-жылу желілерін ауыстырғанмен, жоғарыда аталған жұмысты қолға алмай, тұрғындар шағымы азаймайды.

Аппарат жиынының күн тәртібінде жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау және облыстың инвестициялық климатын жақсарту және инвестициялар тарту сұрақтары көтерілді.

Алғашқы мәселе бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жомарт Бегаев баяндады. Облыс әкімі бұл ретте биылғы бөлінген қаражатқа сәйкес мердігерлерді жоғары деңгейде ұйымдастыруды, трассалардың бойына тазалық жұмыстарын жүргізуді қолға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, кеңесте Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық мәселесі де көтерілді. Өңір басшысы үлкен-іс шаралар өтетін негізгі көшелердің жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу, белгілерін салу жұмыстарын 5 мамырға дейін аяқтау қажеттігін қатаң ескертті.

Одан бөлек, құрылыс алаңынан шығатын жүк көліктеріне бақылауды күшейтіп, 2 аптаның ішінде жол жиектерін толықтай құм мен топырақтан арылту үшін барлық қала-аудан әкімдіктеріне екі апта уақыт берді. Сонымен қатар, жауапты әкім орынбасарына облыс бойынша барлық жоспарланған жолдың ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды.

Жиын соңында өңір басшысы әкімдердің басты көрсеткіші – инвестиция тарту екенін тағы бір рет ескертіп, жаңа талдау жасалатынын және соның нәтижесіне байланысты қорытынды шығарылатынын жеткізді.