Нұрлан ҚАСЫМБЕКОВ, Аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Мерейіміз үстем болған кездер аз емес»
Қай кезеңде де қай елде болмасын мəдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мəдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тəуелсіздігіне тəубе етіп, Мəңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мəдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Ал оның ауданымыздағы дейгейі қандай? Оны төмендегі сұхбаттан пайымдай аласыз.
– Нұрлан Жолаушыұлы, əңгімемізді сіз басқаратын мекеменің құрылымынан бастасақ. Ауданда қанша мəдени нысан бар?
– Ұлытау аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі барлығы 32 мəдени нысанды құрайды. Оның екеуі Мəдениет үйі, біреуі мəдени-сауық орталығы, он екісі ауылдық клуб үйі жəне он жетісі кітапхана. Екі кітапхана аудан басында орналасқан. Олардың біреуі аудандық орталықтандырылған кітапхана, екіншісі аудандық балалар кітапханасы. Қалған он бесі ауылдық кітапханалар.
– Өткен жылды қалай қорытындыладыңыздар? Қандай жетістіктеріңіз бар?
– Біздің жұмысымызға бағаны көрермендер мен оқырмандар береді ғой. Əйтсе де елімізде, тіпті шет елдерде болған өнер байқауларына қатысып, мерейіміз үстем болған кездер аз болған жоқ өткен жылы. Əріден бастап айтар болсам, 2024 жылдың наурыз айында Түркия елінің Стамбул қаласында өткен Халықаралық «ALASH STAR» көпжанрлы өнер байқауына Ұлытау аудандық Мəдениет үйінің жанынан құрылған домбыра үйірмесінің жəне ауылдық клуб үйлеріндегі көркем сөз үйірмесінің оқушылары қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Республикалық деңгейдегі өнер байқауларында да өнерлі өрендеріміз топ жарып жүр. Мəселен, Шымкент қаласында өткен «Твой выход» атты Республикалық байқауға мəдениет үйі жанынан құрылған «Жасмина» би тобы қатысып, кіші топ бас жүлде жəне орташа топ жүлделі екінші орынды иеленді. Облыстық байқауларда да бəсіміз жоғары екенін мақтана айта аламын.
Айта берсек жетістік көп. Оның бəрін бір сұхбатқа сыйғызу мүмкін емес. Əр Мəдениет үйі, клубтар жанындағы бишілер мен күйшілердің басын біріктірген шағын өнер ұжымдары өз деңгейлерінде биіктерді бағындырып жүр.
Осы орайда жекелеген қызметкерлеріміздің де мемлекеттік деңгейдегі марапаттарға, жоғары атақтарға ие болғанын айта кету лəзім Мəселен, Жезді Мəдени-сауықтыру орталығының директоры Айтбек Бейсенбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал, Ұлытау аудандық Мəдениет үйінің көркемдік жетекшісі Рахат Ниязов Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Ұлытау аудандық Мəдениет үйінің əдістемелік бөлім меңгерушісі Гаухар Əбілдина облыс əкімінің «Үздік Мəдени қызметкері» номинациясымен марапатталды.
– Жақсы екен. Айтпақшы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде де сіздер дараландыңыздар емес пе?
– Иə, дұрыс айтасыз. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен «Аламан құрақ» фестиваліне біздің ауданның ісмерлері де қатысып, ауданның ғана емес, тұтас облыстың мерейін үстем етті. Атап айтқанда, Жезді кенті Мəдени-сауықтыру орталығының қызметкері А.Т. Садвакасова «Аламан құрақ» қатысушыларымен рекорд орнатқаны үшін Қазақстанның рекордтар кітабына енгендігі жөнінде Сертификатпен марапатталды. Бір мезгілде кілем тəріздес жайылған құрақ көрпе жобасына 450 құрақшы қатысты.
– Керемет! Ал енді, мұндай жетістіктерге жету үшін мəдениет ошақтарының да талапқа сай болуы керек қой. Əңгімені осы арнаға аударсақ. Материалдық-техникалық жағдайларыңыз қандай деңгейде?
– Ана бір кезеңдердегідей емес, қазір Мəдениет үйлері мен ауыл клубтарының, кітапханалардың материалдық-техникалық базалары жақсы жолға қойылған. Ғимараттар жөнделіп, клубтарға заманауи құрал-жабдықтар алынған. Бұл бағытта аудан əкімінің қолдауын ерекше атап айтуға болады. Материалдық техникалық базаны нығайту бағыты бойынша Ұлытау ауданы əкімінің қолдауымен 2024 жылы жергілікті бюджеттен Бозтұмсық (Қаракеңгір) ауылдық клуб үйіне модульды қазандық орнату үшін 11 270,5 мың теңге бөлінді. 9 999,0 мың теңгеге «NSO grouр» ЖШС ұтып алып, орнатты жəне «Əділет құрылыс» ЖШС арқылы 14 412,0 мың теңгеге Ұлытау аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің балансындағы ғимаратының шатырын жəне ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында оның ішінде Ұлытау аудандық Мəдениет үйіне 29 510,0 мың теңгеге музыкалық аппаратура сатып алынды.
– Əлгінде кітапханалар жайлы айтып қалдыңыз. Енді сол рухани орталықтың жұмысы жайлы əңгімелесеңіз.
– Аудан бойынша кітап қоры – 207 841 дана, оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар – 150 703 дананы құрайды. Өткен жылы жаңадан 3945 дана кітап келді. Оның 585 данасы жергілікті бюджет қаржысына, 1386 данасы мемлекеттік тапсырыс аясында, 1974 данасы демеушілер көмегімен алынды.
Орталық кітапхана жүйесі бойынша 4 үлгілі кітапхана бар. Олар аудандық орталық, Аманкелді, Алғабас, Жезді кітапханалары. Барлық кітапханалар интернет желісіне қосылған. 4 кітапхана – аудандық орталық, аудандық балалар, Жезді кенті, Қаракеңгір ауылдық кітапханалары мегалайн желісіне, 13 кітапхана «Дара Холдинг» желісіне қосылған.
Ұлытау ауданының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 4 жоба жұмыс істеп тұр. Олар: «Оқитын өлке», «Туған өлкем – неткен көркем», «Өз өлкеңді танып біл», «Ертегі – тəрбие көзі».
Өткен жылы ОКЖ бойынша – 422 іс-шара өткізілді. Аудандық орталық кітапханада ulytaukitaphana.rrt.kz сайт жұмыс істеп тұр. Ұлытау аудандық ОКЖ-де əлеуметтік фейсбук жəне ютуб желілері ашылған, 17 кітапхана желіге кіруге мүмкіндігі бар. Аудан бойынша жылжымалы кітапханалардың саны – 21.
– Сіз басқаратын бөлім «Мəдениет жəне тілдерді дамыту» деп аталады. Осы тіл саласы бойынша не айта аласыз?
– Бұл бағытта да аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Ұлытау өңірі мемлекет құраушы халық көп шоғырланған аймақ. Аудан халқының саны – 11 187 адам. Этникалық құрамы мынадай: қазақтар – 10 604 адам, орыстар – 323 адам, өзге ұлттар – 5%. Ұлытау ауданында құрамдас бөліктер саны – 104, ауылдық округ – 15, елді мекен – 14 жəне 3 кент бар. Көше атауларының 80 пайызы қазақ тілінде. Аудан аумағындағы ономастикалық атаулары бойынша жүргізілген мониторингке сəйкес, бүгінгі күні идеологиялық тұрғыдан ескірген 1 елді мекен, 4 көше, анықталып, қайта атау бойынша құжаттары дайындалуда.
2024-2028 жылдарға арналған республикалық Жол картасы бойынша №1 тірек мектебіне (ресурстық орталық) – «Шоқан Уəлиханов, №3 жалпы білім беретін мектепке – Баубек Бұлқышев, №6 тірек мектебіне (ресурстық орталық) – Қаныш Сəтбаев, №9 жалпы білім беретін мектепке – Сейілбек Жанайдаров, №7 жалпы білім беретін мектепке – «Абай атындағы жалпы білім беретін мектебі», №11 жалпы білім беретін мектепке – Мұстафа Шоқай, №17 жалпы білім беретін мектепке – Ыбырай Алтынсарин есімдерін беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар аудан орталығындағы Мəдениет үйіне – Камал Смайыловтың, Қарсақбай кентінің Мəдениет үйіне – Ілияс Есенберлиннің есімдерін беру бойынша басқармаға хат жолданды.
– Соңғы сауал. Шешімін күткен қандай маңызды мəселелер бар. Оларды шешу бағытында қандай қолдау күтіп отырсыздар?
– Проблемалық мəселелер жоқ емес. Бұл бағытта аудандық əкімдікке, облыстық басқармаға хаттар жолданды. Бүгінгі күні Ұлытау аудандық мəдениет үйіне орташа деңгейде жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, Ақтас кенттік клубы, Мибұлақ, Қаракеңгір, Борсеңгір, Байқоңыр ауылдық округ клубтары да ағымдағы жөндеуді қажет етеді.
Мəдениет жəне клуб үйлерінің материальдық-техникалық базасын нығайту да күн тəртібінде тұр. Атап айтқанда, музыкалық жиһаздар сатып алу, көркемөнерпаздарға сахна киімдері, көрермен залдарының орындықтарын ауыстыру керек.
Салаға білікті мамандар да ауадай қажет. Осы мақсатта «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға мамандар тарту өзекті. Ол үшін бірінші кезекте қаражаттары шешілгені абзал.
Бүгінгі күні бізге барлығы – 1 082 536,0 теңге бөлінді. Оның ішінде Мəдениет үйіне – 814 328,0 теңге, орталықтандырылған кітапхана жүйесіне – 167 754,0 теңге. Ал, Жезді кенті Мəдени-сауықтыру орталығына Жезді кенттік əкімдігі арқылы – 117 188,0 мың теңге субвенция берілді. Ұлытау ауданы əкімдігінің қолдауымен 2025 жылдың бюджетінен мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мəртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру мақсатында – 1 800,0 теңге жəне жоғарыда аталған проблемалық мəселелер – Жезді кенттік кітапханасының, Ұлытау аудандық мəдениет үйінің, Ақтас, Байқоңыр, Мибұлақ клуб үйлерінің күрделі жəне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттарды дайындауға 3 590,0 теңге бөлінді.
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.