Қыдырпатшаевтар – лауреат

«Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауының Ұлытау облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған Қыдырпатшаевтар отбасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңіне қатысып, лауреат атанды. Үлгілі əулет 1 000 000 теңгелік сертификатқа ие болды.

Отағасы – Оразанбай Қыдырпатшаев 01.01.1938 жылы дүниеге келген. «Тезекбай» шаруа қожалығының иесі, сиырдың, қойдың жаңа қолтұқымдарын өсіріп жатыр.
Отанасы – Адыханова Зейнелхан 01.01.1940 жылы дүниеге келіп, 12.06.2012 жылы қайтыс болған.
Қыдырпатшаев Оразанбай – 1962 жылдан бастап Ұлытау ауданы, Жетіқоңыр совхозында аға шопан болды. Сол шақта еділбай қойының басын өсіріп, өнімділігін арттыру жолында аянбай жұмыс істеп, көптің көзіне ілінді. Қой бағудағы жетістіктері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталған. 40 жыл бойы аға шопан болып еңбек еткен кезде Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 4 алтын медалін иеленді. 1993 жылы жеке шаруа қожалығын құрды. Əкесінің жолын қазіргі таңда ұлы Азатбек жалғап келеді.
Оразанбай Қыдырпатшаев 7 баласынан 35 немере, 28 шөбере сүйіп отырған абыз ақсақал. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал əлі де мал шаруашылығы саласында жүрген ауылдастарына, балаларына, ақыл-кеңесін үйретіп отырады.

Аманкелді АҚШАЛ.