ОБЛЫСТА ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында бүгін фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Нысан 223 шаршы метрді құрайды және ауысымына 40 адам қабылдауға қауқарлы.
«NAK Development»ЖШС демеушілігі есебінен бой көтерген ғимараттың жалпы құны -74 миллион теңге.
Ашылу салтанатына арнайы қатысқан Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ақтау ауылына биыл жедел-жәрдем көлігі де табыс етілетінін жеткізді.
«Өңірімізде бой көтеріп жатқан медициналық нысандарды кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында биыл облыс әкімдігі 25 резиденттің оқу ақысын қаржыландыру міндетін қолға алды. Одан бөлек, өңірге келіп қызмет етемін деген дәрігерлердің 5-8 миллион теңге аралығында көтермеақы алу мүмкіндігі бар» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Айта кетейік, ұлттық жобалар аясында облысымызда былтыр 11 ФАП пен 11 медициналық пункттің және 2 дәрігерлік амбулатория құрылысы басталып, кезең-кезеңімен қолдануға беріліп жатыр. Жыл соңына дейін өңірімізде 26 медициналық нысан іске қосылмақ.