Біздің сүйікті дәрігер

Ұлытауда «өзіміздің Ақаңды» білмейтін жан жоқ! Сол жандардың басы ауырып, балтыры сыздамайтындары некен-саяқ шығар?! Басты байлық денсаулықтың арашашысы болған Ақаңды өздері жандарының жанашыры етіп, ең жақыны санап, бөле жармай «өзіміздің» деп теңеп атауы сондықтан. Сондықтан да «өзіміздің Ақан» – Ақзейнеп Оразбекқызы Наурызбаева, қырық жылдан аса тәжірибесі мен білімінің шыңына жеткен, халқының аса зор абыройына бөленген, жанын салып аянбай әлі де еңбегін беріп келе жатқан жоғары санатты дәрігер. Ұлытауда туып-өсіп, мейлінше перзенттік борышын халқына қызмет етумен абыройлы атқарып келе жатқан Ұлытаудың қайсар қызы.

Ұлытау ауданы әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлесін қосқаны үшін де аудандық, мемлекеттік деңгейдегі марапаттың иесі. Мол тәжірибесі мен еңбегі өзінен кейінгі дәрігер маманды құнды тәрбие мен іскерлікке, жетістіктерге жетелегені сөзсіз. Жұртшылықтың ерекше құрметіне бөленудің себебі, ол білімділіктен бөлек, өз мамандығын мейлінше жақсы көруінде және жігерлігі мен төзімділігінде, зейін-зеректігінде. Алдына келген әрбір науқастардың ауыру тарихын, өмір тіршілігі мен отбасы құрылымына дейін пайымдап, жанашырлықпен, ерекше пейілмен қабаттастыра отырып жазылуына себепкер бола білуінде. Мейірімділік пен шарапаттылық үйлесімін тауып жататын іскерлігі Ақзейнеп Оразбекқызының елі үшін жасап жатқан абыройлы да борышты еңбегінің нық ұстанған әдебі. «Өзіміздің Ақан», «Ақанға барсаң болды» деген халық арасында сөз тіркестері жатталып қалған. Мықты дәрігеріміздің өмірі де, өмірбаяны да халыққа аян. Халықтың денсаулығына араша болуға ерекше күшін аямайтын жан. Құдайдан бақ та сұрамай, байлық та тілемей, тек биік талабы мен біліміне табан тіреп, еңбегін қамшылаған «дәрігеріміздің» тағдыр жүгі жеңіл болған жоқ. Ешкім де өз өмірін, тағдыр жүгін жеңіл болды деп айтпайды, әр адам өзіне тиісті соқпағын жазмышқа сәйкес көтеріп өтеді екен. «Біздің Ақанның» да өз денсаулығымен күрескеніне де 25 жылдан асыпты, бір аяғы сал болып, балдақпен сүйреп көтере жүріп, халық денсаулығына жұмыс істеу – ерекше батырлық деп есептеймін. Өз жанын қинап жүріп, елдің жанын-дертін жазып жүрген еңбек – нағыз еңбек дер едім!

«Біздің Ақан – елдің қызы! Тегі – Ұлытау, иесі – халық! Ұлытаудан нәр алып, халықпен біте қайнасып ғұмыр кешіп келе жатқанына да 70 жыл болған екен. Жанына жалау болып қалай жағыламын, қалай табыламын десе де әрбір ұлытаулық жан иесі – ол артық емес! Ол «біздің Ақанның алдындағы парызымыз!»

Жанар ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

ҰЛЫТАУ селосы.