Жыл қорытындысы: жұмыс — нәтижелі

Сәрсенбі күні Ұлытау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайыркен ӘЛИЕВ 2024 жылдың жедел қызметтік жұмыстарының қорытындысы бойынша Ұлытау ауданының тұрғындары алдында есептік кездесуін өткізді. Оған аудан әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ пен аудандағы мемлекеттік мекемелердің басшылары, сала мамандары, аудандық полиция бөлімінің құрамы қатысты.

Алдымен, кездесуде өткен жылғы атқарылған жұмыстары жайлы баяндаған Полиция департаментінің Жергілікті полиция басқармасы бастығы, полиция полковнигі Дәулет Молдаханов ішкі істер органдарының жүргізген жұмыстарын барынша ашып көрсетуге тырысты. Баяндамасында былтырғы жылы қабылданған тиімді шаралар нәтижесінде, облыста ауыр және аса ауыр қылмыстар саны едәуір азайғанын тілге тиек етті. Алдағы күндері іске асатын шаралары туралы да егжей-тегжейлі баяндады. Өз кезегінде облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев жедел қызметтік жұмыстарының өткен жылғы қорытындысын баяндады.

– Ішкі істер органдарының қызметі – еліміздегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ең маңызды салалардың бірі. Полиция қызметкерлері күн сайын тұрғындардың тыныштығын күзетіп, заңдылық пен тәртіпті сақтауға айрықша үлес қосады. Бүгінгі күні елімізде тіркелген барлық қылмыстың 96 пайызын ішкі істер органдары тергейді. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың 97 пайызын ішкі істер органдары анықтайды. Мемлекеттік қызметтің 39 түрі ішкі істер органдары арқылы көрсетіледі.

Қазіргі таңда полиция – еліміздегі ең көп функциональды мемлекеттік орган болып табылады. Бүгінде полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жанкешті еңбегінің арқасында өңірдегі құқықтық тәртіп деңгейі жылдан-жылға кеміп келеді. Бұл – әрине, полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Өз аймағымыздан Ұлытау облысы құрылғаннан бері Полиция департаменті қылмыспен күресуде бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырды, – деді Қайыркен Жетпісбайұлы.

Баяндама аяқталған соң Полиция департаментінің өткен жылғы жұмыстарына талдау жасалынып, алдағы күндері жүргізілетін басты шаралары нақтыланды. Жиын барысында Қайыркен Әлиев тұрғындар тарапынан қойылған сан алуан сауалдарға орнықты әрі тұщымды жауаптар қайтарды. Кездесу соңында Полиция департаментінің бастығы бірқатар азаматтарға мерекелік наградалар мен Құрмет грамоталарды тапсырды. Әуелі полиция ардагерлері Алмат Дүйсенбаев пен Совет Нұрмағанбетов және Болат Бегаевтың омырауларына «Қазақстан полициясының 30 жылдығына» арналған мерекелік медальдарды тақты. Бұдан кейін Полиция департаменті бастығының Құрмет грамотасымен – Жанбота Әубәкіров, Сәрсен Бектемісов, Қаныш Ершұманов, Еркеназ Бегаева, Алмаз Искаков, Қайрат Әлсейіт марапатталды.

Полиция департаментінің бастығы Қайыркен Жетпісбайұлы есепті кездесуі аяқталғаннан кейін үш азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.