Жошы хан кешенінде ғылыми-теориялық конференция өтті

Ұлытау облысының құрылуына орай, Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде «Жошы ұлысының орталығы Ұлытау – еліміздің тағылымды тарихының куәсі» ғылыми-теориялық конференция өтті.


Бұл конференцияны Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттар ашып, жүргізіп отырды. Конференцияға арнайы тарих ғылымдарының докторы, профессор, саяси ғылымдарының доценті, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану академиясының академигі, «Қазақ Білім Академиясының» академигі, «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар академиясының» академигі Аяған Бүркітбай шақырылды. Сонымен қатар, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей қорығы РМҚК-нің директоры Нұрлан Қасымбеков, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану бөлімінің басшысы Азат Сабыржан, осы бөлімінің ғылыми қызметкерлері Ләззат Сембина мен Алтынай Бірмұқанова қатысты.
Конференцияға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қатысып, жылы лебізін білдірді. Ал, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей қорығының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану бөлімінің ғылыми қызметкері Ләззат Сембина «Болған ана» кесенесінің бүгінгі жағдайы, оған реставрация жұмыстарын жүргізу керектігі жөнінде баяндама жасады.