«Жомарт» кенішіндегі қалпына келтіру жұмыстары тексерілді
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев «Жомарт» кенішінде апаттың салдарын жоюға бағытталған іс-шаралардың орындалу барысын бақылады.
RHINO бұрғылау қондырғысы арқылы салынған техникалық ұңғымалар көрсетілді. Алдымен диаметрі 380 мм ұңғыма бұрғыланып, кейін ол 2,5 метрге дейін кеңейтіледі. Мұндай ұңғымалар желдету, құбырлар мен кабельдерді жүргізу үшін қолданылады.
Газ концентрациясы шекті деңгейден асқан жағдайда жабдықтарды автоматты түрде сөндіретін стационарлық датчиктер орнатылған. «Спутник-М1» газ талдағышымен жүргізілген өлшеулер атмосферада қауіпті газдың жоқ екенін көрсетті. Әр кенші жеке газ талдағыштармен және орналасуын анықтайтын датчиктермен жабдықталған. Мәліметтер Ұлытау облысы ТЖД мен Комитетке тікелей жолданады.
Ғ. Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресі арнайы желдету өткелін салды. Ол апат аймағын таза ауамен қамтамасыз етіп, болашақта суды сору үшін пайдаланылатын болады.
Қазіргі таңда кеніште ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда, кешенді зерттеулер жүргізіліп, мониторинг пен бақылау жүйелері енгізілуде, мемлекеттік органдармен келісілген техникалық шешімдер әзірленуде.