Жолдау өрлеуге жол ашады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауын Ақтас кентінің тұрғындары ерекше ықыласпен қабылдады. Оған жылдың басты құжатында көтерілген салмақты мәселелердің негіз қалағаны анық.
– Президент Жолдауы көңілімнен шықты. Еліміздің өсіп-өркендеуі, дамуы үшін оң серпіліске толы тапсырмалар берді, нақты жоспарларды міндеттеді. Соның ішінде, еңбекақыны көтеру, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тұрғын үй сияқты көптеген мәселелер қазіргі күні халықтың көкейінде жүрген жайттар екені белгілі. Алдағы уақытта бұлардың шешімін табатынына сенімдімін. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде еліміздің еңсесі көтеріліп, әлем мойындаған қуатты елге айналды. Бұл Жолдау әрі қарайғы өрлеуге жол ашары сөзсіз, –дейді кент тұрғыны Жәмила Түктібайқызы.
Ақжаулықты әже ұлдары мен немерелерінің елге жанашыр азамат болғанын қалайтынын айтады. Еліміздегі әрбір оң өзгерісті қалт жібермей теледидардан қадағалап отыратын қария тізгін ұстаған азаматтарға сырттай ақ батасын беріп отыратынын да жасырмады. «Ел азаматы болып, көшін алға сүйреу тек жұмсақ орындықты иемденіп, басшы болу емес, өз кәсібіңнің адал да білікті маманы болу» деп айтып отырамын немерелеріме. Біз үшін Тәуелсіздік – қымбат. Ең асыл құндылықты сақтап қалу – әр азаматтың міндеті. Сондықтан ел басқарған азаматтар мен еңбекқор жандардың тілеуін тілеп отырамын» дейді Жәмила әже.
Ақтас кенті әкімдігінің баспасөз қызметі.