ЖОЛДАРДЫ АҒЫМДЫҚ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКІЗУ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ОСЫ АПТАДА БАСТАЛАДЫ
«Көшелерді тазалау, облыс аумағында сенбілік ұйымдастыру жұмыстары осы аптада басталсын. Жол белгілерін жаңартуды 1 мамырға дейін аяқтауды тапсырамын. Арнайы техника жетпеген жағдайда, уақытша жалға алу жағын қарастырыңыздар, жұмыс тоқтамауы қажет» – осылай деп бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қала-аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ өңір басшысы облыстағы көшелердің тазалығы мен абаттандыруға жауапты мекемелер мен мердігерлердің жұмысын бақылауда ұстауды тапсырды. Жұмыс мардымды орындалмаған жағдайда айыппұл салу қажет екенін жеткізді.
Күн тәртібінде Берік Әбдіғалиұлы қоғамдық көліктер мен халық көп жүретін жолдардың нәтижелі жұмыстарына басымдық беру міндетін де алдыңғы орынға қойды. Белгілі болғандай, осы аптада Жезқазған қаласының үш көшесінде ағымдық жөндеу жұмыстары басталмақ.
Сонымен қатар жиында облыс әкімі негізгі көшелер мен саябақтардағы жарықтандыру жұмыстарының әлсіздігіне сын тақты. Одан бөлек, облыста рұқсат етілмеген полигондарды анықтап, тазалау үшін космомониторинг жұмысын жеделдету қажет екенін айтты.