ЖЕЗҚАЗҒАНДЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ: КҮРДЕЛІ ЖОБАНЫҢ ЖАРТЫСЫ АЯҚТАЛДЫ
Жезқазған жұртшылығын жер асты көздерінен келетін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған ауқымды жоба 50%-ға дайын. Атап айтар болсақ, шекті межесі 51 шақырым болатын «Үйтас Айдос» су құбырының бүгінгі таңда 22 шақырымы жаңартылды.
Ал қазіргі уақытта 5 шақырым жаңа құбыр тартылуда. Осылайша қалған шақырымдық жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта су астымен 20 метр тереңдікке дейін салынып жатқан құбырлар шаруашылық-ауыз су тазарту орталығына жеткізіледі. Нәтижесінде, облыс орталығының халқы келер жылы сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Кеңгір су қоймасы арқылы жүргізіліп жатқан құбыр тарту жұмыстарын бақылап, жылу беру маусымына дейін аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, 2022 жылы қолға алынған күрделі жобадағы құбырлардың қалыңдығы 14, диаметрі 800 милиметрді құрайды. Аталған құбырлар ұзақ жыл шіріп кетуден сақтау үшін оқшауланған және қауіпсіздік мақсатында сырты ағашпен қапталған.