Жезқазғанда Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы өтті
Ұлытау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы І сессиясының жұмысына өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, облыс ҚХА мүшелері, облыстың этномәдени бірлестіктерінің көшбасшылары мен белсенділері, ардагерлер кеңесінің және аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде Ассамблеяның одан әрі даму векторларын белгіледі, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА ХХХІІ сессиясында берген Қазақстан халқының бірлігін одан әрі нығайту мәселелеріндегі негізгі басымдықтарға егжей-тегжейлі тоқталды.
«Қазіргі уақытта облыста 9 этномәдени бірлестік және 10 этникалық бастамашыл топ жұмыс істейді. Өткен жылы өңірлік Ассамблеяның құрамы бекітіліп, «Қоғамдық келісім» КММ құрылды. Этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктерді белсенді тартамыз», — деді өңір басшысы.
Берік Әбдіғалиұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық саясатты іске асырудағы және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ерекше рөлін атап өтіп, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде этномәдени бірлестіктер үшін гранттар конкурсын ұйымдастыру туралы ұсыныс әзірлеуді, сондай-ақ биыл БАҚ қызметкерлері үшін берілетін «Ұлар» облыс әкімі сыйлығы номинацияларының бірін халық бірлігі тақырыбына, этномәдени бірлестіктер мен этносаралық саясат жұмысына арнауды ұсынды.
Кездесу барысында Достық үйлерінің жұмысы бойынша өзекті мәселелер мен міндеттер, отбасылық құндылықтарды насихаттау және өскелең ұрпақтың адамгершілік тәрбиесін нығайту бойынша жобалар талқыланды.