ЖЕЗҚАЗҒАН–ҚЫЗЫЛОРДА ЖОЛЫ: ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Қос облыс арасындағы жолдың жөндеу жұмыстарын конкурс кезінде анықталған 4 мердігерлік компания жүргізеді. Биыл жауапты ұйымдар жер тағайындау, инфрақұрылымдық қажеттіліктерді тарту, құрылысшылар қалашығын салу, айналма жолдарды дайындау жұмыстарын бастайды. Бұл жайында бүгін Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлының «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Иманашевпен және анықталған компания өкілдерімен кездесуінде айтылды.
«Біз жанар-жағар май тасымалдайтын елімізге белгілі компаниямен келісімге отырдық. Жол құрылысы басталатын аумақта 5 мың тонналық мұнай базасын салуды алдағы аптада бастаймыз. Бұл – трасса бойындағы техникаларға арналған отын тапшылығын болдырмайды.
Сонымен қатар, жауапты компаниялардың республика бойынша атқарып келе жатқан жұмыстарын ескере отырып, үлкен сенім артамыз. Мердігерлерді өз облысымызда тіркеу маңызды. Себебі, жергілікті білікті азаматтарымызды да жұмыспен қамтуымыз қажет»-деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.
Белгілі болғандай, қыркүйекте «Қазавтожол» ұлттық компаниясы мен Азиялық Даму банкі келісімшартқа отырады. Осылайша, жауапты мердігер ұйымдарына қаржының алғашқы бөлігі төлене бастайды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша Жезқазған-Қызылорда тас жолының құрылысында міндетті түрде отандық материалдар қолданылады және аталған жобаны 2026 жылы аяқтауға толық мүмкіндік бар.