«Жезқазған-Қызылорда» тас жолы – «AMANAT» партиясының назарында
«AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалындағы Партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Ершат Әубәкіров республикалық маңызы бар А17 автомобиль жолының «Жезқазған-Қызылорда» бағытындағы учаскесін жаңғырту жұмысын бақылады. Аталған жұмыс «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынуда.
Бүгінде осы жолға асфальт-бетон төсеу жұмысы басталды. Ұлытау өңірі үшін стратегиялық, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар жобаны бірнеше халықаралық құрылыс компаниясы жүзеге асыруда. Айта кетейік, «Жезқазған-Қызылорда» тас жолы еліміздің орталық өңірін оңтүстік өңірлермен байланыстырады.
Ұзақ жыл жөндеу көрмеген тас жолда көлік қозғалысы қиындады. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын жолдың 208 шақырымы Ұлытау облысына тиесілі. Жобаны 4 халықаралық құрылыс компаниясы қолға алды. Оған 900-ге жуық жұмысшы тартылды. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған «Жезқазған-Қызылорда» автожолын жаңғырту жұмысымен таныстым. Бұл жол жөнделсе екі облыстың тұрғындары да қуанары анық. Жөнделген жол сауда айналымына да, туризмнің дамуына да серпін берер еді. Бұл жол 30 жылға жуық жөндеу көрген жоқ. Бүгінде барлық техника да, материал да бар. Жолдың 216-424 шақырымында асфальт салу жұмысы басталды. Негізгі жұмыстар Қызылорда облысы аумағы біткен тұстан басталды», – деді AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалындағы Партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Ершат Әубәкіров.