ЖЭО-2 салудың жай-жапсары талқыланды
Ұлытау облысы əкімдігінде облыс əкімі Дастан РЫСПЕКОВ Түркияның ACC GROUP жəне MITEK A.S. компанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды облыс əкімінің баспасөз қызметі. Келіссөздер барысында Жезқазған қаласында жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО-2) салу жобасының перспективалары мен іске асырылуы талқыланды.
Түркиялық инвесторлар EPCF (инжиниринг, жабдықтау, құрылыс жəне қаржыландыру) моделі бойынша жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытты. ACC GROUP жобаны мемлекеттік кепілдік негізінде қаржыландыруға, сондайақ HSBC, Barclays жəне UBS BANK Ankara сынды еуропалық жəне түркиялық қаржы институттарынан қосымша қаражат тартуға дайын екенін білдірді.
Облыс əкімі инвестиция тарту мен халықаралық серіктестікті дамыту өңірдің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол Ұлытау облысының табиғи ресурстары мол жəне жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы даму əлеуеті жоғары екенін жəне өңірге тұрақты энергиямен жабдықтау үшін жаңа ЖЭО қажет екенін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны қаржыландыру жəне жүзеге асыру шарттарын нақтылау бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.