Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мəртебесін қайтаруды ұсына отырып, «Əрине, Тəуелсіздік күнінің бастапқы мəні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тəуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деген еді…

Шын мəнінде, жыл сайын, 16-шы желтоқсан күні – біз бүкіл ел болып, тəуелсіздік күнін, сəн-салтанатты іс-шарамен, мерекелік кештермен атап өтіп келдік. Алайда, дəл осы Тəуелсіздік алуымызға себепкер болған, сеңді бұзып, ұйқылағы елді де, билікті де селт еткізген Желтоқсан оқиғасы осы қызылды-жасылды думанның тасасында қалып қойып жатты. 1986 жыл дəл осы 16- шы желтоқсанда қаншама жүрегі қазақ деп соққан бауырларымыз қанға бөгіп, мұзда жалаң аяқ, жалаң бас тұрғанын еске алмадық. Мерекелік көңіл-күйдің əсерінен 1986 жылғы қаралы күн жадымыздан өшіріліп келе жатқандай еді. Президентіміз осы олқылығымыздың орнын толтырар күн келгенін дұрыс айтып отыр.

Бəз біреулер айтып жүргендей қазақ еліне Тəуелсіздік «мылтық атылмай, қан төгілмей» оңайлықпен келген жоқ. Кешегі сексен алтының желтоқсанындағы «қанды қырғында» империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қазіргі тəуелсіздігімізге қол жеткізіп отырмыз. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бəйгеге тіккен қанды Желтоқсан оқиғасы қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс.

1986 жылы 16 желтоқсан күні небəрі 18 минутта өткен Қазақстан КП Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ Г.Колбин тағайындалды. Қазақстанда бір күнде жұмыс істемеген жəне есімі де елге белгісіз Геннадий Колбиннің тағайындалуы көтерілістің негізгі себебі болса да, көтеріліске шығудың басқа да, бірнеше себептері бар еді. Атап айтсақ, намысты қазақ жастарымыз, ұлттық даму деңгейінің тежелуіне, кеңестік салттың кеңінен дəріптелуіне, əміршіл-əкімшіл жүйенің күштеп басқаруына шыдай алмады. Болып жатқан оқиғалардың əсері, қазақ жастарының қозғалыс ашуына түрткі болды.

Ертесіне 17 желтоқсан күні сол кездегі Брежнев алаңына, лек-легімен ағылған қазақ жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына өз наразылықтарын білдірген еді. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Əр халыққа — өз көсемі» деген ұрандармен, «Менің Қазақстаным» əнін айтып алаңға шыққан еді. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мəдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды ашық түрде талап етті. Жастардың барлығы өздерін толғандырып жүрген мəселелерді сол сəтте айтып қалуға тырысты. Алайда, жастар шеруі құқықбұзушылық, ұлтшылдық сипаттан алшақ еді. Тек лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауы, əр ұлтқа өз басшысын қою керек деген сөз жазылған тақтайлар ұстап жүрді.

Бірақ 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Брежнев алаңындағы қазақ жастарының толқуы қанды оқиғаға айналарын ешбір қазақ білмеді. Өкініштісі, жүректері қазақ деп соққан батыр ұл-қыздарымызға «ұлтшыл» деген кінə тағылды. Алаңдағы жастарды тоқтату үшін жастарға қарсы «Бұрқасын-86» жоспары бойынша іс-шаралар жасалынды. Жастарға көрсетілген азаптарды елестетсек, көзімізге жас келетіні анық. Жастарға өрт сөндіру машиналары суық сумен атқылап қана қоймай, оларға қарсы арнайы дайындықтан өткен иттерді салып қойған. Сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойылдар сияқты қару көмегімен басшылық демонстрацияны тоқтатып тынды. Қоғамдық тəртіп сақшылары өте үлкен өрескел қатыгездікке барды. Шеруге қатысқандарды тергеу ісі мүлде қатал, əрі заңсыз жүргізілген еді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына əкетілгендердің саны 8,5 мың болды. Көптеген жастар оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды. Оқу орнынан 271 студент қуылса, 787 адам комсомолдан шығарылды. Қазақ жастары жазықсыздан-жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды.

Міне, биыл, осы қаралы Желтоқсан оқиғасына 36 жыл толады. Бұл оқиғаға қатысқандар тек, 1990 жылдардың бас кезінен бастап ақтала бастады. Бүгінде осынау бас көтеруге «ұлтшылдық көрініс» деп берілген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалып, қазір Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағының құлауына пəрменді соққы берген алғашқы бас көтеру ретінде қарастырылады. Ал оқиғаның бел ортасында жүргендер қазақ жастары ресми үгіт-насихат барысында «Қазақстан тəуелсіздігі үшін күрескендер» деп аталып жүр.

Желтоқсан эпопеясы кітабының авторы Мұхтар Шаханов бір сұхбатында: «Желтоқсан рухы шын мəнінде біздің ұлтымыздың рухани шыңдалуы. Сондықтан, біздің бүгінгі таңдағы басты міндет – Желтоқсан рухын қолдау, насихаттау», – деген екен. Осы сөзді бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайыра тірілтіп, тəуелсіздік жолында құрбан болған батырларымызға тағзым етуді мықтап тапсырды. Ендеше, биылдан бастап Желтоқсан оқиғасы тəуелсіздік күнінің басты ерекшелігі ретінде бірінші орынға шығарылуы керек. Осылайша біз жетпіс жылдан астам үстемдік құрған, əкімшіл-əміршіл жүйенің тас-талқан болуына себепші болған – Желтоқсан оқиғасын Қазақстанның қайта түлеуінің бастауы деп қарап, оны лайықты атап өтуіміз қажет. Желтоқсан оқиғасы – ұлт санасынан өшпейтін, Тəуелсіздіктің алғашқы қадамы!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ