Жаңа жоба – жарқын жетістік

Сейсенбі күні аудан орталығындағы іргелі білім ордасы №1 тірек мектебінде «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің əлеуетін арттыру» жобасы жұртшылыққа таныстырылды. Аталмыш жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тəжірибелер мен тиімді əдістемелерді трансферттеуге жəне тірек мектептерін қажетті материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жоба еліміздегі 17 ауылдық мектептерді заман талабына сай ірілендіруді басты нысанаға алып отыр.

№1 Ұлытау тірек мектебі сол заманауи үлгімен жабдықталған мектептердің алтыншысының қатарында. Жобаны қаржыландыру «Қазақстан халқына» қоры тарапынан жүргізіліп, оған 249 825 000 теңге бөлінді. BeeIine KazakҺstan компаниясы жоба демеушісі болып танылды. Осы орайда Білім беруді тұрақты дамыту қорының жəне жоба серіктестігі «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» қолдау көрсеткенін де айта кеткен жөн.

Келешекте осы зияткерлік мектеп мамандары күшімен мектептің білім беру ортасымен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Талдау нəтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар жасалынып, мұғалімдерге қажетті біліктілік арттыру курстары белгіленеді. Бұл бағытта педагогикалық құрамға арналған жаңаша мазмұнда оқыту бағдарламасы 2023 жылдың ақпан айына дейін өткізіледі. Бағдарлама аяқталған соң, мектеп 2025 жылға дейін əдістемелік сүйемелдеуге көшеді.

Бүгінгі күні №1 Ұлытау тірек мектебі жоба аясында жаңаша сипат алды. Мектептің 24 кабинеті заманауи үлгімен жабдықталды. Əсіресе, мектеп парталары көзтартарлықтай əдемі көріністе. Мектеп жаңа модификациялық кабинеттермен толықты. STEM зертханасы, лотопед, Арт-студия, робототехника кабинеттері ашылды. Алдағы күні басқа мектептермен онлайн форматында тəжірибе алмасуға мүмкіндік беретін Теле-студия жасақталмақшы.

Ал, сол күнгі шара «Ашық есік» күні форматында өткізілгендіктен əңгімелесуде ашық диалог түрінде өрбіді. Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев əңгіме назардан тыс қалдырмауымыз керек. Ауыл оқушылары, қала балалары сияқты түрлі мүмкіндіктерге ие болуы қажет. Ол – бүгінгі күннің талабы. Осы ретте біз тірек мектептерді дамытумен айналысамыз, өйткені, онсыз ауыл білімін көтеру тіптен мүмкін емес. Бұл жоба Қазақстанның 17 облысын қамтиды. Онда 13 000-ға жуық бала оқып, 2 000-ға тарта мұғалім сабақ береді. Негізінде біздің жоба мектептерді заманауи жабдықтармен толықтырып қана қоймай, оқушылардың терең мазмұнда білім алуына зор мүмкіндік береді, – деді қор басшысы.

Алқалаған жұртшылыққа жылы лебізін Ұлытау облыстық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова да білдірді.

– Биылғы жылы «Қазақстан халқына» қоры тарапынан «Балалар жылы» аясында Астана қаласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл қор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылғанын барлығыңыз жақсы білесіздер. Ол қорға көмек көрсету мақсатында үлкен жобаны бастағанына бір жылға жуықтап қалды. Бір қуанарлығы, Ұлытау облысындағы бір мектептің жаңа облыс құрылып жатқанда зор мүмкіншілікке ие болғаны – осы мектепте білім алатын оқушылардың үлкен қуанышы, əрі бақыты. Сондықтан бұл мектеп үшін қажетті жоба. Мұндай жабдықтау жасалғаны жалпы осындай мүмкіндікке ие болғаны, осы мектептегі педагогтардың еңбегі деп ойлаймын. Өйткені, кез-келген нəрсені таңдау жасар алдында мектептің оған мүмкіндігі бар ма, іске асырып қолдана ала ма деген оймен талдау жасаймыз. Бұл жерде мектептің ұжымына, ауданның білім басшылығына сенгеннен кейін үміт артып отырмыз. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген қоғамдық қордың басшылығына одан кейінгі демеушілік жасаған əртүрлі компанияларға жəне мұны алдағы уақытта əдістемелік тұрғыдан қолдайтын Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұжымына алғысымды білдіремін, – деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Жүректерге жылылық ұялатқан басқосудан кейін аудан əкімі Аманжол Мырзабеков пен облыстық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова бастаған топ мектеп кабинеттерін аралап, ерекшеліктерімен жете танысты.

Жұртшылықтың шаттығын бөлісушілер қатарында ауылдың белсенді азаматтары, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, білім саласының ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жоба демеушілері мен серіктестері болды.

Қуаныш пен шаттық сыйлаған шарада №1 Тірек мектебінің директоры Жанар Төлегенова да өз ойын ортаға салды.

«Бүгін ерекше қуанышты көңіл күйде тұрмын. Мектеп кабинеттері заманауи үлгіде толық жабдықталды. Осы жоба аясында оқушыларымыз жаңа зертханаларда жаратылыстану ғылымдарын зерделеуге, жабдықталған технологияларды талдауға, кəсіби теле-студияда əлеуметтік роликтер түсіруге жəне тағы басқа жаңа технологиялармен танысуға мүмкіндік алды. Ендігі мақсат мұғалімдердің білім-біліктілігіне баса назар аударуымыз керек. «Ауылдық аймақтарда тірек мектептерінің əлеуетін арттыру» бірлескен жобасы аясында «Назарбаев зияткерлік мектебі» базасында мұғалімдердің тəжірибеден өту бағдарламасы іске қосылады. Соған біз дайын болуымыз керек. Сондықтан келешекте еліміздің үздік оқу орнының тəжірибесін пайдаланып, ең мықты материалдық-техникалық базасы бар мектеп ретінде көрінуге жоспар құрып отырмыз» дейді Жанар Бейсенқызы.

Қорыта айтқанда, қазіргі заманғы білім беру талабы – бəсекелестікке қабілетті, кез-келген істе сауатты тұлғаны оқыту. Білім үрдісіне енгізілген жаңа əдіс-тəсілдер оқушылардың білімге деген қызығушылығын, ынта-жігерін арттырып, өз бетінше ізденуге, шығармашылық жұмыстар жасауға бейімдейді. Осы орайда, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің əлеуетін арттыру» жобасы жаңа оқыту технологиясын игеруге, мұғалімнің оқушыларға жан-жақты білім беруіне зор мүмкіндік туғызып отыр.

Ендеше, осы жоба аясында білімнің жаңа үрдісіне қарай ұмтылу оқушылардың еңбекқорлығына, талаптарына, арман-мақсатына тікелей байланысты. Сондықтан мұғалімдер жаңа өзгеріске төселіп, оқушылармен ортақ тіл табыса алатын өз ісінің шебері болуға тиіс.