Жаңа университет ашылады   

«Енді балаларымыз білім іздеп шетел аспайтын болды» деп қуанып жатыр Ұлытау облысының жұртшылығы. Себебі, Жезқазғанда жаңа жоғары оқу орыны ашылатын болды. Бұл облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының Канада университеттерінің өкілдерімен болған кездесу кезінде айтылды.

Сәрсенбінің сәтінде мыс шаһарына Канада университетінің өкілдері арнайы келді. Шетелдік меймандарды өңірімізге Канаданың Қазақстандағы Елшілігінің екінші хатшысы Эрик Дион бастап келді. Облыс әкімдігінің конференцзалында өткен кездесу барысында облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен  Memorial University of Newfoundland халықаралық кеңсесінің директоры Соня Натсон және Centre for Entertainment Art директоры Стюарт Макилмойл білім саласындағы бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, Жезқазған қаласында мемлекеттік техникалық университет құру мәселесін сөз етті. Жиында алдағы уақытта Канада университеттерінің Жезқазғандағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату жоспарланып отырғаны айтылды.

Шетелдік меймандар өңір басшысына университеттің өзіндік ерекшелігін, миссиясы мен міндеттерін, академиялық құрамдас бөлігін, сондай-ақ, инновациялық және бірегей бағдарламаларды қамтитын алдағы уақытта ашылатын университеттің тұжырымдамасын ұсынды.

Кездесу барысында Берік Әбдіғалиұлы өңірде техникалық университет құрудың ерекше маңыздылығын айта келе, бұл жобаны кешенді түрде жүзеге асыру үшін бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Ізбасар ОЙБАС.