Жаңа кітаптың тұсауы кесілді
Жуырда Е.Букетов атындағы Қарағанды университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Шет, Жезді аудандары мен Қарағанды облысының Құрметті азаматы Қасымбек Медиұлы МЕДИЕВКЕ арналған «Арқаның Ақберені» атты жинақтың тұсаукесері өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған айшықты шараға Қ.Медиұлының замандас әріптестері мен ізбасар шәкірттері, академик ғалымдар мен облыс, аудан әкімдігінің лауазымды басшылары және туған-туысқандары арнайы келіп қатысты.
Кітапқа негізінен Мемлекет және Қоғам қайраткері Қасымбек Медиевтың өмір жолы мен еңбектері, сондай-ақ, Қасымбек Медиұлының замандастарының бірге жүрген сәттерінен естеліктер жинақталған.
Артына өлместей мұра қалдырған қазақтың қазанаттай біртуар азаматына арналған іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов сөйлеп, қайраткердің мемлекеттік саясатты жүргізуде қосқан еңбегіне тоқталды. Алқалы жиында сондай-ақ «Арқаның Ақберені» кітабының құрастырушы журналист, ҚР ақпарат саласының үздігі, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Е.Мұсабек баяндама жасады.
Шара барысында осы салтанатқа арнайы келген Қасымбек Медиұлының үзеңгілес әріптесі, сыйлас замандасы, досы «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Ақтоғай ауданы мен Қарағанды облысының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері С. Дүйсебеков, тұғырлы тұлғаның шәкірті ҚР Парламент Сенатының депутаты Р.Әбдікеров пен қайраткер замандасы, бауыры, «Құрмет» орденінің иегері, Б.Жумкин кітаптың тұсауын кесті.
Салтанаты шарада белгілі айтыс ақтаңгері Д.Қамиев дара азаматтың даналық жолын арқау етіп арнау айтса, кешке арнайы шақырылған тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қарқаралы ауданы мен Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Р.Омарбекова, мемлекеттік қызмет ардагері Қ.Сәтбаев қаласындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Ахметов, ҚР министрліктерінде жауапты лауазымдарды атқарған мемлекеттік қызмет ардагері, Шет ауданының Құрметті азаматы С.Тұңғышбеков, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын – жазушы Ө.Кәріп сөз сөйлеп, қабырғалы қайраткердің артында қалған айшықты істеріне тоқталып, аталмыш кітаптың жастарды ұлтқа қызмететуге, отанды сүюге таптырмас тәрбие құралы болатындығын атап өтті.
Елтынды ДҮЙСЕНБАЕВ.
Ақпарат саласының ардагері.