Жәрмеңке бағасын бағамдады

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласында орналасқан облыс жәрмеңкесіне арнайы барып азық-түлік бағасына шолу жасады. Аралау жұмысына Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов қатысты.

Сондай-ақ өңір басшысы жәрмеңкедегі кәсіпкерлерге өнімдердің бағасын тұрақтандыруға қатысты ұсыныс білдірді.

Ұлытау облысында жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы өндірушілерімен ерте көкөністерді арзан бағада жеткізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Осылайша «Береке» шаруа қожалығымен бірлесіп қырыққабат пен пиязды 100 тонна көлемінде алу үшін шартқа қол қойылды.

Сондай-ақ, «Ұлытау» ӘКК АҚ «KTZ Express» АҚ-мен ҚҚС есебімен 1 кг үшін 165 теңге бағамен Тәжікстан Республикасынан ерте көкөністерді (пиязды) жеткізу үшін шартқа қол қойды.

Аралау жұмысы барысында Берік Әбдіғалиұлы жәрмеңкеде саяжай өнімдерін сатушылардың мәселесін де тыңдады. Жергілікті өнімдерді саудалаушы азаматтар қала ішінен, тұрғындар көбірек жиналатын жерлерден орын беруді сұрады. Ертеңнен бастап, Алашахан даңғылы бойындағы «Акцент» дүкенінің алдынан 3-5 арнайы орын беріледі.

Ұлытау облысының әкімі Жезқазған қаласында ауылшаруашылығы өнімдерін сататын жәрмеңке өтетін орынға алдағы уақытта құрылыс түсетіндіктен кәсіпкерлерге арнайы орындар қарастырып, бірте-бірте көшіру жолдарын шешуді тапсырды.