«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне 100-ден астам ұлытаулық қатысты
Үстіміздегі жылдың ақпан айының екінші онкүндігінде елімізде тұңғыш рет «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі өтті. EXPO көрме алаңында ұйымдастырылған бұл айшықты шараға болашақ мамандар, жұмыс берушілер мен кəсіптік-техникалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы»- шеңберінде ұйымдастырылды. Фестиваль Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен жəне басқа да салалық ведомстволардың, ұлттық компаниялар мен ірі кəсіпорындардың қолдауымен өтті. Фестивальға қатысушылар қалашықтағы 40 интерактивті көрмеде 200-ден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономика секторларының ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік алды.
Фестиваль аясында бірнеше күн бойы түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, инновациялық сессиялар мен жұмыс жəрмеңкелері ұйымдастырылды. Алғашқы екі күнде іс-шараға 15 мыңнан астам адам келген.
Міне, осы ауқымды шараға Ұлытау облысындағы 13 кəсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының басшылары, студенттері қатысып қайтты. Фестивальде нақты мамандықтарға бағытталып жұмыс істеген бас аяғы сегіз «көшеде» жерлестеріміз қызықты процестерге тікелей қатысып, өздерін кəсіби ортада сынап көрді.
Қала үлгісінде ұйымдастырылған бұл іс-шара келушілерге иммерсивті формат ұсынып, əр қонаққа интерактивті платформалар арқылы мамандықтардың ерекшеліктерін көруге жəне сезінуге мүмкіндік сыйлады.
Фестиваль болашақ мамандар, жұмыс берушілер мен техникалық жəне кəсіптік білім беру ұйымдары арасындағы тиімді байланыс алаңына айналды. Екі күн ішінде өткен түрлі семинар мен шеберлік сыныптар қатысушыларға құнды тəжірибе берді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.