Жүлде – Ұлытауда
Елордада ҚР Мəдениет жəне ақпарат министрлігі ұйымдастырған Үкіметтік емес ұйымдар арасында өткен конкурста «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры «Тарихи-мəдени мұраны қорғау» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Аталған ұйым – 1989 жылы Əлихан Бəйменовтің бастамасымен «Ұлытау» қоғамдық қозғалысы болып құрылған. Уақыт өте келе бастапқы атауы өзгеріп, 2009 жылы «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры деген атпен Ұлытау ауданы атынан тіркелген. Қордың басты жұмысы – Ұлытау тарихын, табиғатын насихаттауға негізделген. Қазір қордың басшысы Балғын Салықова, бас кеңесшісі əрі идеологиялық жетекшісі Бақтияр Қожахметов.
Əңгімені əріден бастасақ, бұған дейін де ұйымның атқарған жұмысы айтарлықтай. Мəселен, «Отырар – Ұлытау», «Алтай – Дунай» экспедицияларын ұйымдастырып, қазақтың көне мəдениеті мен өнерін кеңінен насихаттады. Сондағы өткізілген көрме аясында қазақ сахарасындағы киелі орындарды шетелдіктер танып білді. Əсіресе, Ұлытау, Жезқазған аймағының мəдениетін, табиғи байлығын насихаттауда үлкен еңбек сіңірді. Бүгінде «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры Ұлытаудағы мəдени мұраларды дəріптеуде өзіндік орны бар іргелі ұйым.
Ал, соңғы екі жылда «Қымыз мерекесі» фестивалін жоғары деңгейге көтеріп, алыс-жақын елдерден туристердің келуіне себепші болды. Биылғы жылы «Қымыз» фестивалін бауырлас ел Түркияда да ұйымдастырды. Мұндағы «Uytaumen» жобасы шеңберінде Ұлытау тарихын шетелдіктерге таныстыру шарасы сəтті аяқталды.
Аталмыш қордың осыған дейін де жеткен жетістіктері аз емес. 2018 жылы да жеңімпаз атанған болатын. Биыл екінші рет сол биікті тағы бағындырып отыр. Бүгінгі таңда «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры республика бойынша ЮНЕСКО аккредитациясынан өткен Қазақстандағы жалғыз ұйым. Сондықтан, бұл қордың басқаларға қарағанда, беделі едəуір жоғары.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.