Өзекті мәселелер талқыланды

Аудан әкімдігінің кезекті аппарат мәжілісін аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт ОСПАНОВ жүргізді. Кеңейтілген мазмұндағы жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, мекемелер мен бөлімдер басшылары қатысты. Ал, кент, ауыл әкімдері ZOOM платформасы арқылы онлайн қосылды.

Мәжілісте аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Ержан Бимағанбет 2022 жылға бөлінген бюджет қаражатының игерілу барысы туралы баяндады.

Бұл мәселеге қатысты Мақсұт Сәрсембайұлы кент, ауыл әкімдеріне, мекеме, бөлім басшыларына қаражатты игеру, бақылау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.

Екінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету, ақпараттық технологияларды дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, қаржы және шаруашылық бөлімінің басшысы Ғабиден Дүкенбаев мемлекеттік мекемелер бойынша арыз-шағымдардың орындалу барысы жөнінде хабарлама жасады. Бұл ретте өтініштерге уақытылы жауап бермеген мекеме, бөлім басшылары мен кент, ауыл әкімдеріне тәртіптік шара қолданылған. Осыған сәйкес, мекеме, бөлім басшылары арнайы семинар, түсіндірме жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Сонымен қатар, мал азыған дайындау науқанына қатысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин ақпарат берді.

Аудан әкімінің аппарат басшысы Ержан Дәуітбаев қазіргі елдегі ахуалға байланысты вакцина алу жұмыстарын ширату жайын көтерді.

Жиында бұдан басқа да мәселелер қаралып, тиісті тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берілді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.