Өзекті мәселелер талқыланды

Аудан әкімдігінде қоғамдық кеңестің мүшесі Есенғали Әбжамаловтың жүргізуімен алғашқы Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған аудан әкімі Советбек Медебаев, әкім орынбасарлары, тиісті мекеме, бөлім басшылары және қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша аудандық бюджеттің орындалысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин баяндама жасады.

Екінші мәселе аясында аудан орталығында салынып жатқан кәріз жүйесінің құрылысы болды.

Бұл мәселеге қатысты Советбек Тұрсынұлы өзі жауап беріп, ауызсу, кәріз жүйесімен айналысатын арнайы «Арна су» мекемесі құрылып жатқандығынан хабардар етті. Алдағы күндерде кәріз жүйесіне қатысты мәселелер жан-жақты талқыланатынын жеткізді. Сондай-ақ, жаңадан құрылып жатқан Ұлытау облысына біздің өңірдің де қосып жатқан үлесін айтып, ендігі облыс төңірегінде жүргізілетін жұмыстардың жоспарын әзірлеу керектігін айтты. Осы мәселелер аясында кеңес мүшелері сұрақ қойды. Оған аудан әкімі, орынбасарлары тиісті мекеме басшылары толыққанды жауап берді.

Бұдан кейін аудандық құрылыс мекемесі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінің жұмыстары қаралды.

Кеңесте қоғамдық кеңес мүшелері аудан орталығында салынған жаңа үйлердің құжаттарын рәсімдеу керектігі жөніндегі мәселені көтерді.

Бұл сұраққа қатысты аталған бөлім басшылары Бақтияр Партабеков пен Асылхан Әлімсейіт жауаптарын беріп, тұрғын үйлердің құжаттарын үш ай ішінде аяқтайтындықтарын жеткізді.

Күн тәртібіне қойылған мәселелерге қатысты Қоғамдық кеңес мүшелері сұрақтарын қойып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

 Өз тілшімізден.