«Үздік педагог» байқауына өтінім қабылдау басталды

Оқу-ағарту министрлігі «Үздік педагог» байқауына қатысуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады. Байқауға қатысуы үшін «Үздік ұстаз» сайтына тіркелу қажет.

«Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді.

Айта кететін маңызды ақпарат, байқауға кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер қатыса алады.

Сондай-ақ мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері де бақтарын сынай алады.

Биыл цифрландыру бағытында үлкен жұмыс атқарылды. Байқаудың барлық кезеңі, нақтырақ айтқанда, қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін толығымен цифрландырылған.

Жеңімпаздарға 3 млн теңге көлемінде сыйақы табысталады.

Айта кетейік, биылдан бастап байқауға жекеменшік мектеп педагогтері де қатыса алады.

Байқау үш кезеңнен тұрады:

I кезең – аудандық, қалалық деңгей;
II кезең – облыстық деңгей;
III кезең – республикалық деңгей.
Екі байқаудың қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған мұғалімдер республикалық деңгейге өтеді.