Қымбатты жерлестер!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз!

Әрбір жылды шығарып салар тұста өткенді ой елегінен өткізіп, жарқын жаңалықтарды, ерекше оқиғаларды еске аламыз. Жылды қорытындылар кезде жаңа жоспарлар жайлы ойланамыз, алдымызға үлкен мақсаттар қоямыз.

Өткен жыл еліміз үшін санамызға сілкініс, өмірімізге өзгеріс әкелген, ерен еңбегімізді жемісті етіп, еселі табыстарға жетелеген елеулі жыл болды. Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналы сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күтетін халықпыз.

Осы ретте, ауданымыз үшін де жылыстап бара жатқан жыл нәтижелі болды. Аудан экономикасы да өткен жылмен салыстырғанда едәуір өсті. Өткен жылдың басты қуанышы «Жошы хан» кешені ашылып, оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, лентасын қиды. Бұдан бөлек, Сапар орталығының құрылыс жұмыстары аяқталып, бүгінгі күні пайдалануға берілді. «Ұлытау» ұлттық паркі құрылды. Алдағы уақытта өз жұмысын бастамақ. Сонымен қатар, Қарсақбай кентінде 100 көрерменге арналған спорт кешені ашылды. Аудан орталығында үш қабатты 24 пәтерлі үй көпбалалы отбасыға берілді. Осы жылы Тайжан көшесіндегі көпқабатты 48 пәтердің кілттері тапсырылмақ.

Ең бастысы, Тәуелсіздіктің – 30 жылдығы аясында елімізде ауқымды жұмыстар атқарылды. Елдің даму көшінде ұлытаулықтардың да үлесі айтарлықтай. Аудан тұрғындарының еселі еңбектерінің нәтижесінде аудан экономикасы қарқынды дамып келеді. Әр салада жаңашыл бастама мен игілікті істер бар.

Ардақты ағайын!

Жаңа жылды әр адам үкілі үмітпен, ізгі ниетпен және ақ тілекпен қарсы алады. 2022 жыл жағымды жаңалыққа, қуанышты сәттерге толы болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке-бірлік тілейміз! Жаңа жылдарыңызбен!

Советбек МЕДЕБАЕВ,

Ұлытау ауданының әкімі.

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,

аудандық мәслихат хатшысы.