Тіл болашағы – ұлт тағдыры
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде жергілікті Мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Тіл тірегіміз – соғып тұрған жүрегіміз» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараның мақсаты – тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, ана тіліне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәселесін көтеру, оған атсалысу болды. Бұл шараға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Ұлытау» газетінің жауапты хатшысы Қайрат Жұмабай және №1 Ұлытау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жансая Жакеева мен Гүлдана Төребай қатысты. Қатысушы тарап тіл мәртебесін көтеру мақсатында көркем сөздің қуатты күшін, мәнін тілге тиек етіп, ана тіліміздің құдіреті мен өміршеңдігі жайында мол мағлұмат берді.
Дөңгелек үстел басында мектеп оқушылары тіл тақырыбына байланысты өлеңдер мен мақалмәтелдерді жатқа оқып, оның маңыздылығына талдау жасады.
Отырыс соңын аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Гүлмира Сыздықова қорытындылап, шараға қатысушыларға алғысын білдірді.
Айнагүл Омарова,
аудандық Мәдениет үйінің іс-шара ұйымдастырушысы.