Таза табиғат – ортақ игілік
Адамзаттың табиғатқа деген көзқарасы – қоғам өркениетінің деңгейін көрсететін басты өлшемдердің бірі. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бүгінде тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, барша жұртшылықтың ортақ міндетіне айналды. Осы орайда, Ұлытау ауданында ұлттық экологиялық бастама – «Таза Қазақстан» акциясы аясында жаппай сенбілік ұйымдастырылды.
Бұл күні ауданның барлық кенттері мен ауылдарында тұрғындар жаппай аула тазалап, көшелерді қоқыстан арылтып, табиғи ортаға жанашырлық танытты. Игі іске мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен қатар, блогерлер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, жастар бірлестіктері мен еріктілер де белсене қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – жергілікті халықты қоршаған ортаны қорғауға үндеу, табиғатқа қамқорлық жасауды өмір салтына айналдыру. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы биылғы жылдың басынан бері кең ауқымда қолға алынып, Ұлытау ауданында 7 облыстық және 8 аудандық сенбілік өтті. Бұдан бөлек, апта сайын дәстүрлі түрде «Таза бейсенбі» акциясы жалғасып келеді.
Бұл жолғы сенбілікке аудан бойынша 900-ден астам адам жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарына 10 арнайы техника тартылып, барлығы 31 тонна қоқыс шығарылды. Бұл – ұжымдық еңбектің нақты нәтижесі, туған жердің келбетіне жасалған қамқорлық.
Қоршаған ортаға деген жауапкершілік – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақ алдындағы борышымыз. «Таза Қазақстан» бастамасы сол жауапкершілікті жете сезінуге, халықты табиғатпен етене жақындастыруға бағытталған. Сенбілікке қатысқан жастардың белсенділігі мен ауыл ақсақалдарының қолдауы – бұл бастаманың болашақта да жалғасын табарына сенім береді.
Ұлытау ауданында өткен экологиялық шара – елдің табиғатты қорғаудағы бірлігінің көрінісі. Туған жерді таза ұстау – тек мерекелік іс емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс. Себебі табиғат – біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, болашаққа аманат.
Аманкелді АҚШАЛ.