Тасбұлақтың суы тартылғандай

Қарт Ұлытауды теңселтіп, Тасбұлағының суы тартылғандай күй кештік. Алаштың ұлы, əлемге аты танылған Төрегелді ата Шарманов ғасырға таяған, 94-ке қараған шағында бұл дүниеден озып, бақиға аттанды. Абыз ақсақалымыздың қазақ медицинасының ғасырлық жүгін көтеріп, ұлт денсаулығын нығайтуға қосқан үлесі, ақ халатты абзал жандардың бірнеше буынына тəлім-тəрбие беріп, қазақ медицинасының биікке көтерілуіне қол жеткізгені əлемге аян. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының беделді симпозиумын Алматыда өткізуі, Алматы Хартиясының қабылдануы тарихымызда алтын əріппен жазылып қалды. Бұл өз кезегінде ел медицинасының алға басуына серпін берді. Академик Төрегелді Шарманов Ұлытаудан қанаттанған академиктердің жарқын тұлғасы, ұлт мақтанышы болды. Үш жүздің басын қосқан қасиетті жердің перзенті барша адамды бауырына тартты, дертіне шипа бола білді.
Туған жеріне деген сағынышы ерекше еді, əр хабарласқанда: «Балам, Ұлытауым аман ба?»,- деп, қоңыр дауысымен елге қамқорлығын білдіретін, үнемі ел жаққа құлақ түріп жүретін. Ұлытауға ат басын тірегенде Əулиетауға шығып, Тасбұлақтан бір жұтып: «Бір жасап қалдым ғой», – деп, марқайып қалатын. Енді сол қасиетті тау мен толқынды бұлақ жетімсіреген күйге түсіп, — «Төкең қайда, көкең қайда, Арысым-ау, Ардағым-ау?!»-деп, аңырап қалғандай. Елдің ері, исі қазақтың мақтанышы болған, медицина саласының жілігін шағып, майын ішкен білгірі, бітімі бөлек тау тұлғаны қимаймыз. Қазаның ауыр жүгін бүкіл елімізбен бірге қарт Ұлытаудың жұрты да қайыспай көтеріп, барша қазақ жұртына көңіл айтады. Иманы саламат, қаза қайырлы болсын!

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының əкімі.