Танымы мен тағылымы мол кітаптың тұсауы кесілді
Ұлытау ауданының орталығындағы Мәдениет үйінде жерлесіміз, ақын, жазушы Мұханбетжан Әбіловтың «Асыл негіз – асыл мұра» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Оған жазушының замандастары мен әрісі Астана мен берісі Қарағандыдан һәм Ұлытау өңірінен әдебиетсүйер қауым жиналды.
Негізгі мамандығы қаржыгер болса да әдебиет әлеміне тыңнан түрен салып, қазақ руханиятын танымы мен тағлымы мол дүниелермен сусындатуға үлес қосқан Мұханбетжан Әбілұлы бұған дейін де екі кітабы арқылы өз ортасына танылып үлгерді. «Арғанаты атажұртым» жыр-дастаны мен «Дала академигі» кітабын әдебиет сүйер қауым жылы қабылдады. Енді міне, «Асыл негіз – асыл мұра» деген атпен Арғанаты атырабында өмір сүрген, есімдері елге танымал тарихи тұлғалардың тартыс пен таласқа толы өмір жолдарын арқау еткен тарихи-танымдық кітабы да өз оқырмандарына жеткелі отыр. Аталмыш кітап Алматы қаласындағы «Үш Қиян» баспасынан жарық көрген.
Тарихтан тағылым алу арқылы ғана келешекке бағдар жасай аламыз. Бұл іргесін қайта көтерген еліміз үшін шартты мәселе. Кітап авторы осы тұрғыдан ой қозғайды. Танымал тұлғалардың еңбектеріне сілтеме жасай отырып, ұлт ретінде ұйысқан еліміздің өткенін бүгінмен сабақтастырады. Осылардың бәрін көркем туындыға топтастырып, көпшілік оқырманға ұсынып отыр.
Міне, сол таным мен тағылымы мол кітаптың тұсауы ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде «Ой түбінде жатқан сөз» деген тақырыппен өткен әдеби-сазды кеште кесілді.
Кеш шымылдығы «Ұлытауым – ұларым» бейнебаянымен түріліп, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртіс Ғалым Мұхамедин ақынның сөзіне жазылған әнді тамылжыта шырқады.
Бұдан соң сахна төріне Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық мәслихаттың төрағасы Ахан Құрмансейіт көтеріліп, жазушы жерлесімізге жылы ілебіздерін білдірді.
– Кешегі Патшалық Ресей мен кеңес кезеңі қазақ халқының басына қаншама рет қайғы бұлтын үйіргені тарихтан мәлім. Талай ұлтжанды тұлғалар сол зұлмат жылдарды оққа байланды, басы айдауда, қудалауда кетті. Міне, сол елім деп еңіреп өткен ерлердің есімін жаңғырту, оларды кейінгі ұрпаққа үлгі ету бүгінгінің басты парызы. Осы жолда Мұханбетжан ағамыз көш бастап, өңіріміздің тарихи тұлғаларын тағы бір рет тірілтіп, оны тарихи-танымдық кітап етіп бүгінгі ұрпаққа ұсынып отыр. Осы еңбегі үшін ағамызға алғысымызды айтып, қаламыңыз мұқалмасын, жазарыңыз көбейіп, қазақ жұртының жоқтаушысы бола беріңіз деген тілегімді арнаймын, – деді Аманжол Батырбекұлы өз сөзінде.
Ахат Құрмансейітұлы да ақын ағасына өзінің ақжарма тілегін жолдап, аудан жұртшылығы атынан жазушы жерлесіміздің иығына оқалы шапан жапты. Аманжол Мырзабеков жазушыны Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Шын мәнінде, бұл кітапта Қазақ елінің тарихында ерекше аталатын тарихи тұлғалар Кенесары хан, Жанайдар батырлар және олардың замандастары жайлы баяндалып, Шорманның Мұсасы мен Уәлиханның немересі Шоқанның елге атқарған қызметтері мен игі істері кітап арқауы болған. Сонымен қатар, жинақта ұрпақтар сабақтастығы, олардың өмір белестері көрініс тапқан. Ата-баба рухына тағзым етуге арналған туынды ұрпақтар айта жүретін игі істің бірегейі екені айқын. Сондықтан да бұл кітаптың жастарға берер тағылымы мол.
Тұсаукесер салтанатында сөз алған жандардың бәрі өз сөздеріне осы жәйттерді арқау етті. Сонау Теміртау қаласынан ат арылтып келген Теміртау қалалық ардагерлер кеңесінің бір топ өкілі атынан сөз алған есімі елге белгілі спортшы қария, зілтемір көтеруден республика чемпионы – Айтжан Ысқақов жерлесіміздің бүгінгі ісін ерлікке балады.
– Жетпіс жас – адам өмірінің айтулы кезеңі. Бұл жасқа келіп кітап жазып, оны жарыққа шығарып, тарихты зерттеп, тағылымды іс атқару екінің бірінің қолынан келмейді. Мұханбетжан інім Ұлытау ауданының ғана емес Теміртау қаласының да қазыналы қарттарының бірі. Дұрыс қартаю, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, өзінің жүйелі істерімен жақсы пікір қалыптастыру – тектіліктің де белгісі. Ардагер сөзінің өзі «ардақты ер» деген сөзбен ұштасады. Ардагерлік кезеңге абыроймен жетіп, үлкеннің де, кішінің де ортасында ардақты, сыйлы, құрметті қарияға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Жаңа кітаптың атауы айтып тұрғандай біз туындыдан бабаларымыздың тағылымын оқып білеміз, оны кейінгі буынға аманаттаймыз, – деді бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Айтжан ақсақал.
Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков ақылшы аға, жанашыр пана болып жүрген тұлғаныхалыққа қай қырынан алсақ та үлгілі етуге болатынын айтып, саламатты өмір салтын ұстанғанын жоғары бағалап, аудан ардагерлерінің атынан құттықтау лебізін жеткізді.
Жаңа кітаптың тұсаукесер іс-шарасында жазушының құрдастары, замандастары, қызметтес әріптестері мен ізбасарлары сөз алып, ақжарма тілектерін ақтарды. Сый-сияпаттарын жасады.
Кештің аты айтып тұрғандай әдеби-сазды болғандықтан мұнда әуелеген әндер де орындалды. Тайжан Қалмағанбетов атындағы облыстық филармонияның әншілері, есімдері елге белгілі өнер тарландары Ғалым Мұхамедин, Зәуре Омарова Мұханбетжан Әбілұлының сөзіне жазылған бірнеше әндерді орындаса, Қаракеңгір ауылындағы халық театрының балғын әртістері Мұханбетжан Әбіловтың бірнеше өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көрермендерді сүйсіндірді. Мәдени іс-шарада бірнеше жергілікті өнерпаздар да асқақтата ән салып кештің әрін келтіре түсті. Солардың қатарында Жаңаарқа ауданынан келген дарынды әнші Қанат Аманжолов та бар.
Шара барысында Ұлытау аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Әлімбек Жандарбеков, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ақын, жазушы Мағзұмбек Машайықұлы және Теміртау қаласының Құрметті азаматы, ардагер спортшы Айтжан Ысқақов «Асыл негіз – асыл мұра» кітабының лентасын қиып, тұсауын кесті.
Салтанатты шарада кеш иесі Мұханбетжан Әбілұлы да сөз сөйлеп, ел-жұртына ыстық ықыласын жеткізді.
– Бүгін мен үшін тарихи әрі ұмытылмас күн. Аллаға мың да бір шүкір, осы күнге жеткізген. Бақытты адаммын десем де болады. Ел-жұрт қадірлеп, еңбегімді елеп, құрмет көрсетіп жатыр. Әрине, кітап жазу оңай жұмыс емес екен, бұл аса ыждағаттылықты, үздіксіз ізденісті, шыдамдылықты, білімді талап етеді екен. Кітап жазу барысында бабаларымыздың тағылымды істерін зерделедім. Жанашыр азаматтар көп көмектесті. Айтар алғысым шексіз. Шақыруымды қабыл алып, қуанышыма ортақтасқан жұртшылыққа шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді жазушы ағынан жарылып.
Айтпақшы, осы салтанатты шарада тағы бір тамаша туындының тұсауы кесілді. Ол ақынның сөзіне жазылған жаңа ән – «Перзенттік тартуым» әні. Әнді Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртісі, Тайжан Қалмағанбетов атындағы облыстық филармонияның әншісі – Береке Көшенов тебірене шырқап, тыңдарманның жүрегіне жеткізді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.