Табиғатымызды өрттен қорғайық!

Өрт – тілсіз жау. Айтып келмейтін апат табиғи қалыптасқан тепе-теңдікті бұзады, табиғатымыздың таптырмас байлықтарына үлкен зиян келтіреді. Сол себепті қоршаған ортаны тілсіз жаудан қорғау қажет.

Статистикаға сəйкес, орман өрттерінің көп бөлігі адамның абайсыздығынан туындайды. Құрғақ ыстық ауа райында өрттер табиғи апаттардың ауқымын жиі қабылдайды. Қазіргі уақытта ауа райының қатты ыстық болуына байланысты өрт қауіптілігінің жоғары санаты тіркеліп тұр, соған байланысты орманда табиғат заңнамаларын қатты ұстанған жөн.
Қазақстан Республикасының Орман кодексі бойынша жəне Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітілген өрт қауіпсіздігі ережелерінің талабына сəйкес, қураған шөптесін бар жерде, сонымен қатар, ағаштың астында от жағуға тыйым салынады. Жанып тұрған шырпыны, темекі тұқылын лақтыруға болмайды. Мемлекеттік орман қоры аумағында жұмысын жүзеге асыратын жеке тұлғалар, ұйым басшылары, мəдени-көпшілік жəне басқа да шара жүргізетін жауапты адамдар орманға кірер жəне шығар алдында демалушыларға, жұмысшыларға, мəдени-көпшілік жəне басқа да шараға қатысушылар өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау, орман өртінің пайда болуын ескерту, сонымен бірге өрт сөндіру тəсілдерінің нұсқамалығынан өтуі тиіс. Орманда өрттің алдын алу, санитарлық жағдайды сақтау, ағашты зақымдаудан қорғау – негізгі мақсат екенін естен шығармайық. Десек те, бес саусақтың бəрі бірдей емесі сияқты, адамдардың да бəрі бірдей емес. Кейбір демалушылар орманның таза ауасымен тынығып, сұлулығын тамашалап жүріп от жағады, тұрмыстық қалдықтарды тастап кетеді. Ағаш бұталарын сындырып, зиянын тигізеді. Ал, босаған шишалар, əйнектер, темекі қалдығы, дұрыс сөнбеген от ошақтары – орман өртінің басты себептері.
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аудан тұрғындары мен қонақтарына ормандарда табиғат заңнамаларын қатаң сақтауды жəне орман аумақтарына өрт қауіптілігін тудыратын істерден аулақ болуға шақырады.
Табиғат байлығымызды қорғап, келер ұрпаққа сақтап, аманат ету бəріміздің борышымыз. Табиғатты аялайық, өрттен қорғайық!

Баубек БОЛАТҰЛЫ,
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің табиғи кешендермен объектілерді қорғау бөлімінің басшысы.