Түсіндірме жұмыстары – нәтижелі
Жақында Ұлытау ауданы орталығында республикалық «Салауатты сана» жобасын іске асыру мақсатында облыстық Аналар кеңесінің ақпараттық-түсіндіру тобы ұлытаулық аналармен дөңгелек үстел өткізді.
Үстел басында облыстық Аналар алқасының төрайымының орынбасары Несібелді Битенова, облыстық Аналар кеңесінің кеңесшісі Айткүл Машақаева, Жезқазған қаласының Аналар кеңесінің төрайымы Қаниса Телғозина, «Қоғамдық келісім» ҚММ-нің бөлім меңгерушісі Нұржамал Смағұлова, Ұлытау ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Жұмабаева аталған жоба аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алдымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бағытында қоғамның бес кеселімен жүйелі түрде күресудің мәселелері талқыланды.
Жиынға қатысқан ұлытаулық аналарға нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты қоғамдық кеселдердің жолын кесу түсіндірілді. Әсіресе, балалар мен жастардың қауіпсіз өмір сүруі үшін әуелі қатерлі құбылыстардан біржола арылту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып тұрғаны айтылды.
Осы тұрғыда, сөз қозғаған ақпараттық-түсіндіру тобы жиынға қатысушыларды ортақ іске жұмыла кірісуге шақырды. Отырыс барысында Ұлытау ауданы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дулат Әбдікәрімов те бес әлеуметтік кеселге қатысты өз ойын ашық айтып, ҚР қолданыстағы заң нормалары бойынша қысқаша мағлұмат берді. Жиын түйінінде, Ұлытау ауданының Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Жұмабаева алдағы күндері де аталған жоба аясында қоғамдық-практикалық бағытта жұмыстар жалғаса беретіндігін айтты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.