Тұрғындардың сұранысына шұғыл әрекет ету

Осы өзекті тақырыпта Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов кеңес өткізді. Кеңеске мемлекеттік мекемелердің, қалалық полиция қызметінің, «ЖСЖК» АҚ, Жезқазған электр қуатымен жабдықтау кәсіпорнының, «Сәт тазалық» ЖШС басшылары қатысты. Олардың алдына қала басшысы халықтың өтініштеріне шұғыл ден қою және уақтылы хабардар ету міндетін қойды. Осы бағыттағы іс-қимылдардың тиімділігі үшін, Қайрат Шайжанов «Жезқазған қаласының ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі» ММ-не үш күн ішінде қаланың бірыңғай авариялық қызметін құру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
— Біздің азаматтарымыз оларды қорғайтын полицияның бар екеніне, шұғыл жағдайларда (су құбырлары мен жылу желілеріндегі жарылулар, ақаулар, электр жүйелерінің істен шығуы және т.б.) уақтылы және сапалы қызмет көрсететін қызметтердің бар екеніне сенімді болуға тиіс, – деді қала әкімі.
Қайрат Шайжанов  кеңесті: «Біз күнделікті жедел жұмысты ретке келтіріп, жүйелендіруіміз керек, біз оларға тіреліп қалмауымыз керек. Әйтпесе, біз Жезқазғанды облыс орталығының деңгейіне сай етіп, абаттандыруға, көркейтуге бағытталған неғұрлым көлемді, өзекті мәселелерді шешу жөніндегі жоспарларды жүзеге асыра алмай қаламыз» деп қорытындылады.