Тұрғын үй құрылысы басталды
Газетіміздің бұған дейінгі санында Жезді кентінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана салу үшін арнайы жер телімдері бөлінгенін айтқан едік. Осы аптада сол жерлерге тұрғын үй құрылысының қадалары қағылып, іргетасы қалана бастады.
Орайы келгенде айта кетейік, Сəтбаев көшесінің бойына əрқайсысы 80 шаршы метр болатын үш үй салынады. Қазіргі таңда іргетасын құю үшін қазу жұмыстары жүргізілуде. «Құрылыс жұмыстарын «ҚазМысҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаратын болады. Бұл жерде инженерлік желілер, су жүйесі жүргізілген», дейді сала мамандары.
Еске сала кетейік, Ұлытау облысының Ұлытау ауданында су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға мемлекет тарапынан 100 АЕК есебінде өтемақы берілді. Оған қоса, шығын болған тұрмыстық техникалар жəне жиһаздар мен қажетті заттар демеушілер қолдауымен сатып алынды. Зардап шеккен Жезді кентіндегі қалған 7 үй мен Талдысай елді мекеніндегі 9 үйдің жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін баспана иелеріне бағалау нəтижесіне сай қаражаттарды есепшоттарға аудару жұмыстары басталды.
Аманкелді АҚШАЛ.