Түбім сонау Ұлытаудай қиырдан

Кезінде Жарасқан Әбдірашев «Ақын кетіп барады көшеменен, қабағынан қара бұлт көшеді өлең», – деп жазып еді… Бір ақын бала келе жатыр. Жезқазған жағынан тауып алып, айтысқа қосып едім, қатарынан қара үзіп келді. Арқа айтыскерлік мектебінің дәстүрлерін әбден бойына сіңірген, сөзіне сазы үйлескен озық дарын. Жазба поэзиясымен таныстым. Тағы таңдай қақтым. Жиырмаға толар-толмас жасында әлемдік мәдениет пен әдебиеттің тарихын ойлана жүріп оқығаны аңғарылады. Талантты адам шарқ ұрып ізденгенде жасаған тәжірибелері қашанда осындай көркем болады ғой. Әрине, жастыққа тән максималистік бұлғақтар, ысылмаған қаламның олпы-солпылары да көзге шалынады. Ізденіс жолы бұралаң. Абзалдың сапарына ақ жол тілей отырып, ауыздығын сүзген құнанының сауырынан қаққаным осы.

Жүрсін ЕРМАН,

ақын,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілері Халықаралық одағының Басқарма төрағасы.


Кетбұғамен кеңесу

«Кетбұғадай билерден,
Кеңес сұрар күн қайда?».
Доспамбет жырау.

Арғымағын тайпалтқан
Жырласа,
Алты қанат ақ боз үйді шайқалтқан.
Құланы шайнап өлтірген
Қағанның құлынын
Дүниеге күйменен қайтартқан!
Уа, қарт жырау Кетбұға!
Астында –
Алтындалған ер-тұрман,
Қасында –
Жарқылдаған ел тұрған.
Адырнасын өгіздейін өкіртсе
Жебесінен жел тұрған,
Көкірегіне шер тұнған!
Уа, кемеңгер әз БАБА!
Кемеңгермен өзіңдей
Кеңескелі келдім-дүр.
«Кереметін» айтуға
Кері кеткен елдің бір.
Ей, Кетбұға жырауым,
Мынау бізге Сен қалдырған Тұраның.
Ұлылығы қалды сонда ұлтымның
Ұлытаудан ауған кезде-ақ Ұларың.
Менің айтпақ ойларым –
Заманымның сөзі еді.
Атқа қонса азаматы Алаштың
Арқан керіп құлатады өз елі
Өртенбей ме өзегі?
Мынау запыран заманда
Аспан асып рухы
Асыл да небір дүр кеткен,
Ақинағын саптаған
Нешелер жұмлә ұл кеткен.
Әуені – құран саздары
Әулие, қожа, пір кеткен
Дүнияуи дүрмектен!
Дүрлерінен айырылып,
Пірлерінен айырылып,
Қорқынышпен сүретін
Қорқыт ғұмыр бұл неткен?
Азаматты өз қолымен аттырып,
Аза тұтқан елдің үнін өшірген.
Асқазанның қамы ғана бар ойы
Астанамда билік етті есірген.
Ал біздің тіл ақиқатты айтатын
Махамбеттің басындай боп кесілген!
Бірақ бір күн келеді,
Мен сонда
Адалдық құнымен,
Алдаспан жырымен,
Алты Алаш үнімен,

Азаулы нұрымен,
Домалақ жер үстіне
Доспамбет болып тірілем!
Қазтуған болып құйылам
Қайран Еділдің суымен!
Міне, сол менің
Боз жусан болмысым, шынымен.
Ал бүгін? Ал бүгінше кіммін мен?
Ақын едім Алласына сиынған.
Түбім сонау Ұлытаудай қиырдан
Осы өлкеде ақсақ құлан жорытып
Осы өлкеде Ханның жаны қиылған.
… Домбыраның үні естілді, әнекей
Қорғасыны құйылған!

Моцарт. Реквием*

Көне Вена — Ауропа атырабы,
Ескі пәтер ел-жұрттан алыс мүлде.
Ұлы талант талықсып жатыр әні,
Ұлы өнерді қия алмай әл үстінде!
Моцарт еді ол, Моцартты көрге берме,
Жалғыз Моцарт хабардар тың
мақамнан!
Құлақтары перделі пенделерге
Періштенің күлкісін тыңдата алған!
Жаны түрме болғанда, тәні – сүлде,
Алақанын соққанмен қаймана зор.
Ғұмыры оның музыка, ал ішінде
Қуанышты, Құдай-ау, қайда мажор?*
Өң бозарған, әл кетіп,тән арыған,
Жаратқан да демепті:
«жақсы күйде өл».
Тамшылады Моцарттың жанарынан
Сальеридің уындай ащы минор!*
Өлім-жендет көздеген өтті жебе,
Моцарт енді қалмайды бек күйінде.
Бес сызықтың бойымен бет түзеген
Бесік жыры айналды реквиемге!
Саф әуен деп сазгердің өмірі өткен
Жүрегінен бір кезде «ән» соқпады.
Сұлық түсті білегі кереуеттен
Сырғып түсті сақина саусақтағы!
Жаныңды өртеп ғасырдың өрт күйігі
Азалы әнмен төгілер көңіл жасы.
Ауропада Моцарттың «Реквиемі»
Ал Арқада Біржанның «Теміртасы!*»
_________________________________

Реквием* – қаралы характерге арналып
жазылған музыкалық шығарма, аза күйі.
Мажор* – «қуанышты» әсер беретін музыкалық лад.
Минор* – «мұңлы» әсер қалдыратын музыкалық лад.
Антонио Сальери* – ұлы композитор.
Моцарттың бәсекелесі. Деректер бойынша
Моцарт Сальеридің берген уынан қайтыс
болады.
«Теміртас»* – Біржан салдың соңғы әні.

«Інжіл»

В начале было Слово, и Слово было у
Бога, и Слово было Бог.
Евангелие, 1:1

Кітапхана.
Қаз-қатар тізілген кітаптар сөресі
Арулар секілді қымсынып ұялған.
Іңірде Исаның елеусіз елесі
Егесі Інжіл ғой, Иоаннан!
Алғашқы жаралған «СӨЗ» дейді бәрінен
«СӨЗДЕ» екен біздің жанымыз.
Дүниеге дүреген Құдайдың демінен
Жалғыз-ақ сөзде арымыз!
Алғашқы аятты өткіздім ішімнен
«СӨЗ» деген – Құдай ғой аңдаса!
Кім бірақ оны толықтай түсінген
Ақындар ғана болмаса!
Аудардым сосын келесі парағын
Аңдадым бәрін күрсініп.
Көзінен түскен Мәриям ананың
Мөлт еткен жасқа тұншығып.
Он екі шәкірт. Нұрлары шарпыған
Он екі айдай құбылыс
Он бірі ерді Ғайсаның артынан
Он екіншісі – Ібіліс.
30 сом күміс – сатқындық бағасы
Сатылды шәкірт, Ібіліс ар басып.
Мойнына артылды ғасырдың наласы
Асылдың баласын дарға асып!
Он екіншісі жетті Ғайсаның түбіне
Қара жер үстіне қандары шашылған.
Ібіліс сонсоң кірді де ініне
Иуда арқанға асылған.
Аярлық қылып, жақсыны қыру –
Иуда жасаған бәлекет.
Көрсетіп беру, сатқындық қылу –
Біртүрлі таныс әрекет.
Отыз жетіде, қанжарын қайраған
Жендеттер сонда елес пе?
Алаштың ерлерін ажалға айдаған
Сол Иуда-қоғам емес пе?!
Інжілді жаптым.
Құранды аштым мөрлеген
(Көр енді шындық аңсамай).
Құранда бірақ:
«Ғайсаңыз мүлде ӨЛМЕГЕН»
АЛАШ ТА БІРАҚ ДӘЛ СОЛАЙ!
* * *
Адам ата!
Бес күн жалған берді ме саған опа?
Толқын ойды қозғай ма қайғы желі,
Ішіңдегі боздай ма бала бота?!
Болмады ма бесігің берген бөлеп,
Қызығын сен көрмедің, көрген бөбек.

Есігіне өмірдің егескендей
Ересек боп ендің сен, елден бөлек!
Бала болмай, жаралдың баба болып
Әміріне Тәңірдің дара көніп.
Дауа болып дертіңе келді Һауа
Одан бірақ кетпеді заман оңып!
(Сабағынан бидайдың зауал өніп…).
Екі бетің қызарып қысылғанда,
Періштенің қондырып құсын қолға.
Бал балалық шағыңда батпақ ойнап,
Батпырауық жақсы ғой ұшырған да!
Ата, сенен, алайда азап қашқан,
Ғаршы-ағладан естідің ғажап дастан.
Сен ЖҰМАҚТА тудыңғой не дегенмен,
Балалар ше көздерін ТОЗАҚТА ашқан:
«Жетімдер үйі» дейтін?!

Құлан

Жылауық-ақ
Қыздай болып ағады тұма бұлақ.
Ұлары жоқ Ұлытау тұр аңырап
Құланы жоқ қайғырып құба қырат!
Сол құбақыр, құмы бар құланы жоқ
Тағыларсыз болмай маТұраным от?!
Жоқ әлде олар безді ме жер бетінен
Сыңсыған ұлар құстың сыңары боп?
(Мұңына мұқым әлем кінәлі боп?)
Кектенді олар біздерге, ауыры осы
Енді олардың болмаймыз кәрі досы.
Құдай үшін адамбыз! Бәлкім,бірақ,
Құлан үшін кісінің бәрі Жошы?!
Үзілуі мүмкін бе із кенеттен
Күйкі ғұмыр болмасын күзбен өктем
«Құс қайтарған» Қазанғап күй тілімен
Қасиетің қалды ма бізге жеткен?
Кие кетіп даламнан,
Жер үсті дау
Еңіреген құлансыз еңіс мынау!
Келер ме екен күй шалсам Кетбұғадан
Домбырамды әкеңдер теріс бұрау!

Драматург қыз

«Драматург адамзатты танымайды,
түйсінеді».
Т.ЭЛИОТ.

Будақ-будақ бұлт көшкен бұл өңірден,
Келеді ару арына жібек ілген.
Сурет іздеп сұрықсыз сұрқай күзден,
Сюжет іздеп сүреңсіз сұм өмірден.
Кей күндері көктегі Күн, Ай тәж боп,
Құлағанмен құбылаға Құдайды әз деп.
Өзі жасап шығарған қаһарманы,
Бұйырады өзіне «былай жаз» деп.
Сосын, сосын тастай сап қаламын да,
Тұншығады бір дауыс тамағында.
Шыңғырады неліктен сонда ШЫНДЫҚ
Жағымсыз кейіпкердің жанарында?
Атпай қоймас Тәңірдің ұлы таңы,
Жанын қыздың осы сәт жылытады.
Оқу – ләззат болғанда оқырманға
Жазу – азап екенін ұмытады!
Ар болмаса, Аллаға жақындар ма ек,
Жаздың екен, жаз онда батылдау боп.
Тәңір жазған тағдырдың тақтасына
Қолтаңбаңды сен де қой, қақым бар деп!
Жүрегіңде қауызын жарған жарық,
Жалын барда дұрыс қой қалған жазып.
Сіздің қалам – Құдайдың қауырсыны,
Періштенің жасына алған малып.

 

Абзал МАҚАШ,
Халықаралық, республикалық
мүшәйралар мен айтыстардың
жеңімпазы. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.