Ұсыныстар мен пікірлер ескерілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер халықпен тұрақты түрде кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерге құлақ асып, өзекті әлеуметтік түйткілдерді шешу жолдарын қарастыруы қажет. Осыған орай, аудан әкімі Аманжол Мырзабеков Терісаққан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесуге ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтарының өкілдері мен тиісті мекеме басшылары қатысты. Аудан басшысы облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан іргелі жобалар мен алдағы жоспарлар жайлы кеңінен баяндады.
Алдымен әкім ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, тиісті міндеттер жүктеді. Ауыл тұрғындарын ерекше мазалап жүрген мәселе – “Терісаққан–Қоскөл” бағытындағы 45 шақырымдық тас жолдың жайкүйі. Бұл жолда қазіргі таңда аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аманжол Мырзабеков аталған істің сапалы әрі уақытында аяқталуын қадағалап, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жолмен қатынауын қамтамасыз ету қажеттігін қадап айтты.
Сапар барысында Желдіадыр және Шеңбер көшелеріне орнатылып жатқан көше жарығының жағдайымен де танысты. Аудан басшысы бұл нысандардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта құрылысы жүріп жатқан жабық футбол алаңына арнайы барып, құрылыс сапасына аса мән беруді ескертті. Бұл спорт нысаны аудандық бюджет есебінен қаржыландырылып, тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ауылдың бүгінгі ахуалы жалпы тұрақты. Мектептегі оқушы саны артып, білім беру мекемесінің жұмысы белгіленген нормативке сай жүріп жатыр. Былтыр ауылға екі отбасы көшіп келіп, мектепте мұғалім болып жұмысқа орналасқан. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындардың барлық ұсыныс-пікірін мұқият тыңдап, оларды заң талаптарына сәйкес шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.