Су тасқынына дайындық тексерілді
Көктем лебі сезіліп, өңірлерде қардың еруі қарқын ала бастады. Бұл өз кезегінде су тасқынының орын алу қаупін де күшейтіп отыр. Осыған орай Үкімет басшысы Олжас БЕКТЕНОВТІҢ тапсырмасы шеңберінде вице-премьер Қанат БОЗЫМБАЕВ Ұлытау облысына келіп, өңірдің су тасқынына дайындық барысын бағамдады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, 13 наурыздағы жағдай бойынша еліміздің қар басып жатқан аумағы 67 пайызды құрайды. Ал, еліміздің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тоңның қалың болуы байқалып отыр. Болжамдарға сәйкес, наурыз және сәуір айлары жылы болады деп күтілуде, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл су тасқыны қаупін арттырады.
«Қазгидромет» биыл алғаш рет әрбір өңір бойынша су шығынының ең жоғары деңгейін, гидрологиялық бекеттер бойынша ағын көлемін көрсететін және қауіпті аймақтағы елді мекендерді анықтай отырып, егжей-тегжейлі ақпарат берді. Көктемгі су тасқынын тудыратын факторларға жүргізілген талдау су басу қаупі бар аймақтарды анықтауға мүмкіндік берді. Тасқын қаупі жоғары аймаққа Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай, Ұлытау облыстары жатады. Үкімет басшысы су тасқыны қаупі бар елді мекендерін аралап, шұғыл шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берді. Осы мақсатта өңірімізге келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары облыстағы су тасқынына дайындықты тексерді. Вице-премьер Ұлытау ауданының Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзенінің арнасын, Малшыбай, Бозтұмсық, Қорғасын ауылдарын, Қараторғай өзенінің арнасын Қостанай облысының шекарасына дейін аралап шығып, Кененбай және Қарсақбай бөгеттерінің жай-күйіне тексеру жүргізді.
Сондай-ақ вице-премьер Сарысу өзенінің бойында орналасқан Жыланды және Жаңабас елді мекендерін аралап, Кеңгір және Жезді су қоймаларында болды. Жезді өзені арнасының жағдайын тексерді, онда санация, арнаны тазарту және жағалауды нығайту (2 шақырым) жүргізілуде. Инспекция барысында Қанат Бозымбаев өзендегі барлық қажетті жұмысты аяқтап, Жезді кентіндегі қорғаныс бөгеттерін көтеруді тапсырды.
Құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарының жедел ден қоюға дайындығын, отын, азық-түлік және медициналық құралдар резервтерін дайындауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.