Суға қатысты конституциялық норма: Қазақстан қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы
Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасында маңызды ереже сақталып отыр. Онда: «Жер және оның қойнауы, сулар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп көрсетілген. Бұл норма бұған дейін де Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген болатын және жаңа Ата заң жобасында мазмұндық тұрғыдан сақталып, тек құрылымдық нөмірленуі өзгертілген. Аталған ереже су тапшылығы күшейіп, Қазақстанның сыртқы су көздеріне тәуелділігі жоғары болып отырған қазіргі жағдайда ерекше маңызға ие болып отыр.

Қазақстандағы су ресурстарының елеулі бөлігі – шамамен 45%-ы көршілес мемлекеттердің аумағынан келетін трансшекаралық өзендер есебінен қалыптасады. Бұл өңірдегі су жүйелерінің өзара тығыз байланысын көрсетеді және сыртқы табиғи-климаттық әрі әлеуметтік-экономикалық факторларды, соның ішінде көрші елдердің су пайдалану динамикасы мен су шаруашылығы саясатын ескерудің маңыздылығын айқындайды. Сонымен қатар, елдегі су тұтынудың 60%-дан астамы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Бұл аграрлық сектор мен азық-түлік тұрақтылығы үшін тұрақты әрі болжамды су қамтамасыз етудің маңызын арттыра түседі. Осындай жағдайда су жай ғана табиғи ресурс емес, ұлттық қауіпсіздіктің, экономикалық тұрақтылықтың және мемлекеттік егемендіктің негізгі элементіне айналады.
Мемлекет меншік иесі ретінде емес, сенімгерлік басқарушы ретінде әрекет етеді және қазіргі әрі болашақ ұрпақтың мүддесі үшін су ресурстарын ұтымды пайдалану, сақтау және қорғау жауапкершілігін өз мойнына алады. Бұл су қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, су пайдалануды реттеуге, трансшекаралық су қатынастарында ұлттық мүдделерді қорғауға және су ресурстарының сарқылуының алдын алуға құқықтық негіз қалыптастырады.
Қазақстан су ресурстарын басқару саласында жүйелі реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Еліміз бұрын негізінен экономикалық тиімділікке бағытталған модельден экономикалық, экологиялық және стратегиялық мүдделердің теңгеріміне негізделген орнықты жүйеге көшуде. 2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы, сондай-ақ 2025 жылы жаңа Су кодексінің қабылдануы су экожүйелерін сақтаудың басымдығын институционалдық тұрғыдан бекітті. Сонымен қатар, нормативтік деңгейде «су қауіпсіздігі» ұғымы мемлекеттік саясаттың негізгі элементі ретінде айқындалды.
Экономиканың негізгі салалары жаңа қағидаттарға белсенді түрде бейімделуде:
🔵 Ауыл шаруашылығы: су үнемдейтін технологиялар мен заманауи суару әдістерін енгізу су тұтынуды азайта отырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
🔵 Өнеркәсіп: айналымдық және қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйелерін қолдану табиғи су көздеріне түсетін жүктемені төмендетіп, суды пайдалану тиімділігін күшейтеді.
Жалпы алғанда, бұл шаралар орнықты су басқару бағытындағы оң үрдісті қалыптастырып, мемлекеттік саясаттың экологиялық бағдарын нығайтады.
Осылайша, судың халыққа тиесілі екені туралы конституциялық норманың сақталуы Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы үшін іргелі маңызға ие. Бұл ереже су ресурстарын құқықтық қорғаудың ең жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, су қауіпсіздігін нығайтуға, тұрақты экономикалық дамуға және ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізін қалайды.
XXI ғасырда су экономиканың тұрақтылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және мемлекеттік егемендікке тікелей әсер ететін стратегиялық ресурсқа айналып отыр. Оның халыққа тиесілі екенінің конституциялық тұрғыдан бекітілуі – жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында Қазақстанның ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен қауіпсіздігін айқындайтын іргелі шешім.

