СТАТИСТИКА – АЙҚЫН КӨРСЕТКІШТЕР АЙНАСЫ

Статистика сөзі ғылыми әдебиетте 18-ғасырда қолданысқа енді және алғашқыда “мемлекеттану” деген мағынада ұғынылды. Бірақ статистика ғылымы 17-ғасырдың ортасында “саяси арифметика” нысанында дами бастады. Ал, Қазақстан статистикасының тамыры тереңде десек, артық айтқанымыз болмас. Көне дәуір ескерткіштеріндегі жазбаларға сүйенсек, алғашқы жорық, алғашқы жасақ, алғашқы ұйым, бәрі-бәрі есеп-қисаптан құралғанын анық байқауға болады. 

Статистика деген не? Ол не үшін қажет? Мемлекет статистикалық мәліметтер бойынша түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез-келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың рөлі зор. 

Биыл, Қазақстан статистикасына – 100 жыл. 1920 жылғы 8 қарашада Қазақ АКСР үкіметі Қазақстандағы біріңғай орталықтанған статистика жүйесінің бастауы болған мемлекеттік статистика туралы ережені қабылдады. Осы күн еліміздің статистика саласы үшін тарихи дата ретінде белгіленіп, кәсіби мереке ретінде аталып келеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Еліміздің бұл саласында нарықтық экономика елдеріне сай статистика салалары, статистикалық әдістемелері бар. Сонымен қатар статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылып жатыр. 

Қазақстанның қазіргі статистика жүйесінде Статистика комитеті осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырушы өкілеті орган болып саналады және елдегі бүкіл статистикалық қызметті ұйымдастырып, үйлестіріп, бағыттап отырады. 

Қазақстанда мемлекеттік статистика органдарының жұмысын «Мемлекеттік статистика туралы» заң реттейді. Бүгінгі таңда статистикалық қызметтің дамуы Ұлттық экономика министрлігінің стратегиялық жоспарына сай жүзеге асырылады. Республикамыздың статистика органдары экономика, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, демографиялық салалар бойынша халықаралық талаптарға сай объективті және толық мәлімет береді. 

Осындай ауқымды істі атқарып, жүйеге келтіріп отырған Статистика саласы үшін биыл мерекелі жыл. Жүз жылдық тарихы бар сала қызметкерлеріне кәсіби біліктілік пен табысты еңбек тілеймін. 

Алмат САКИПОВ, 

Ұлытау ауданы Статистика басқармасының басшысы.