Спорт бөлімінде – жаңа басшы
Конкурс нәтижесі бойынша Марғұлан Әлмағанбетов 2026 жылғы 8 қаңтардан бастап Ұлытау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымына тағайындалды.

Марғұлан Әлмағанбетов Ұлытау ауданы, Егінді ауылдық округінде дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2014 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2010 жылы Егінді орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін мемлекеттік қызмет саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Атап айтқанда, Егінді ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші және бас маманы, Сәтбаев қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы қызметтерінде болды. 2018 жылдан 2024 жылға дейін Егінді ауылдық округінің әкімі лауазымын абыроймен атқарды.
Соңғы қызмет орнында, яғни 2024 жылғы 9 желтоқсаннан 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында жер қойнауын пайдалану және лицензиялау бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
– Марғұлан Әлмағанбетов әр салада жинақтаған тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы ауданның дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға, бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға және жастарды салауатты өмір салтына баулуға өз үлесін қоса алады деп сенім білдіреміз. Жаңа қызметінде мол табыс, жауапты жұмысына сәттілік тілеймін, – деді жаңа басшысын ұжыммен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек.
Аманкелді АҚШАЛ.
