Шаршы тақта шеберлері анықталады
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірімізде өтіп жатқан шахматтан республикалық чемпионаттың ойындарын тамашалап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ облыс әкімі былтырғы Қазақстан Республикасы чемпионатында алтын медаль жеңіп алған ұлытаулық шахматшы Мақсат Байсалбековке естелік ретінде қаламсап табыс етіп, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Чемпионат аясында өңір басшысы жасанды интеллектпен жұмыс істейтін робот-шахматшымен символикалық партия ойнады. Облыс әкімі қатысушылардың шеберлігіне жоғары баға беріп, мұндай зияткерлік додалардың жас буынның ой-өрісін кеңейтіп, бәсекеге қабілетін арттырудағы маңызын атап өтті.
«Біздің бұл заманауи жаңа кешеніміз осындай ірі чемпионаттарды өткізу үшін арнайы салынды. Енді спорттың бірнеше түрі бойынша республикалық деңгейдегі ауқымды сайыстар ұйымдастыруға толық мүмкіндігіміз бар. Өңіріміз еліміздің дәл орталығында орналасқан. Сондықтан мұндай маңызды іс-шаралардың санын арттыруымыз қажет. Барлық қатысушыға сәттілік, жергілікті шахматшыларға жеңіс тілеймін», – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Айта кетейік, шахматтан ҚР чемпионаты Жезқазған қаласында 16-22 ақпан аралығында өтуде. Оған еліміздің барлық өңірінен бас аяғы 100-ге жуық ойыншы келді. Ұлытау облысынан қатысушылардың саны — 11.

