Шайқалмасын шаңырақ

Айқастарда жауыздармен
қанқұйлы
Қас-қағым сәт адамды
ажал аңдиды
Отан үшін, қасиетті
халқы үшін,
Талай қыршын
тайсалмастан
жан қиды.
Талай үйдің шырақтарын
сөндірді,
Ел басына қауіп-қатер
төндірді.
Тиген оқты елемеді
батырлар,
Бейбіт күнде ауырсынған
шөңгірді.
Халық күші бір арнаға
тоғысты,
Қолдардан оқ, жанарлардан
шоқ ұшты.
Саптан шықпай таңып
алып жараны,
Отан үшін жауынгерлер
соғысты,
Соғыс жұтты жиырма
миллион халықты,
Жиырма миллион арман
жесір қалыпты.
От боп өртеп, жүректерді
күйдіріп.
Денелерді аяз болып
қарыпты
Махаббатты зұлымдықпен
жылатты,
Жиырма миллион
шаңырақты құлатты,
Жиырма миллион жетім
қалған балаға,
Анасынан әкелерін сұратты.
Сонда аналар көздеріне
жас алған,
– Сенің әкең емес
құлыным, осал жан,
Ерлігінің арқасында
солардың,
Мынау өмір қайта түлеп
жасарған.
Жан қиды олар, сендер
мұңсыз өссін деп,
Соққан кезде қасіретті
көшкін кеп.
Ұрпақтардың ашық болсын
аспаны,
Соғыс оты мәңгілікке
өшсін деп.
Бірің іште, бірің қалдың
құндақта,
Ел басына қатер төнген
сұм шақта.
Ұлы Жеңіс оңайлықпен
келген жоқ.
Бұл шат өмір түскен
өте қымбатқа,
Біз соғыста сынғанымыз жоқ,
кетілдік
Бүгін міне, кемелдендік,
жетілдік.
Қорғап қалдық азаматтың
бақытын,
Фашизмді оралмасқа
кетірдік.
Өтті солай, сонау қаңтар,
ақпандар,
Қиратылды азапты алып
қақпандар,
Әкелерің қорғап
қалған өмірдің,
Уа, ұрпақтар,
тыныштығын сақтаңдар!

Мағзұмбек Машайықұлы,
Ұлытау ауданының
Құрметті азаматы,
Қазақстанның Құрметті
журналисі.